
Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі төмендегенімен, еңбек нарығында қызық өзгеріс байқалды: жалдамалы қызметкерлер азайып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар көбейген.
Статистика бюросының мәлетінше 2026 жылдың II тоқсанында елдегі жұмыс күші 9,84 млн адамды құрады. Оның 9,4 миллионы жұмыспен қамтылған. Жұмыссыздар саны 444,6 мың адамға дейін төмендеп, жұмыссыздық деңгейі 4,5% болды.
Бір жыл бұрын, 2025 жылдың II тоқсанында жұмыссыздар саны 448,8 мың адам болған. Яғни бір жылда олардың саны шамамен 4,2 мың адамға азайды. Ал жұмыспен қамтылған халық керісінше 99,5 мың адамға немесе 1,1%-ға көбейді.
Жалдамалы жұмыс азайып, өзін-өзі жұмыспен қамту өсті
Алайда соңғы тоқсанда еңбек нарығының құрылымында өзгеріс бар. 2026 жылдың I тоқсанымен салыстырғанда жалдамалы қызметкерлер саны 37,3 мың адамға азайып, 7,25 млн адамды құрады.
Осы уақытта өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны бірден 45,2 мың адамға көбейіп, 2,15 млн адамға жетті.
Нәтижесінде жалпы жұмыспен қамтылғандар саны азайған жоқ: керісінше үш айда тағы 7,9 мың адамға өсті. Яғни жалдамалы жұмыстағы төмендеуді өзін-өзі жұмыспен қамтудағы өсім жауып отыр.
Дегенмен жылдық есепте жағдай басқаша көрінеді. 2025 жылдың II тоқсанымен салыстырғанда жалдамалы қызметкерлер саны 113,8 мың адамға көбейген, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 14,3 мың адамға азайған. Сондықтан бір тоқсандағы өзгерісті әзірге ұзақмерзімді тренд деп айтуға ерте.
Жастар арасындағы жұмыссыздық та төмендеді
15–34 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2026 жылдың II тоқсанында 2,9%-ға дейін түсті. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 3,1%, ал биылғы I тоқсанда 3% болған.
Сонымен қатар жұмыс күші құрамына кірмейтін халық саны 4,76 млн адамды құрады. Бұл бір жыл бұрынғыдан 114,6 мың адамға немесе шамамен 2,5%-ға көп.
Жалпы деректер еңбек нарығының салыстырмалы түрде тұрақты екенін көрсетеді: жұмыссыздық төмендеп, жұмыспен қамтылғандар саны артып келеді. Бірақ соңғы тоқсанда жалдамалы жұмыстан өзін-өзі жұмыспен қамтуға қарай байқалған қозғалыс алдағы тоқсандарда жалғаса ма — еңбек нарығындағы негізгі мәселенің бірі осы болмақ.