ҚазМұнайГаз $500 млн-ға дейінгі облигациясын кері сатып алмақ

Жарияланды 19 Тамыз 2026 16:16

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
ҚМГ өз облигацияларын қайтармақ / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы 2030 жылы өтелетін долларлық облигацияларының бір бөлігін мерзімінен бұрын кері сатып алуды ұсынды.

Компания мен KazMunaiGaz Finance Sub B.V. айналымдағы жалпы көлемі $1,25 млрд болатын, жылдық купондық мөлшерлемесі 5,375% облигациялардың $500 млн-ға дейінгі бөлігін инвесторлардан сатып алуға дайын. Бұл барлық шығарылымның шамамен 40%-ына тең. Облигациялардың өтеу мерзімі — 2030 жылғы 24 сәуір.

Кері сатып алу ұсынысы 19 тамызда басталды және, егер мерзімі ұзартылмаса немесе ұсыныс тоқтатылмаса, 18 қыркүйекте Нью-Йорк уақытымен сағат 17:00-де аяқталады. Облигацияларын 2 қыркүйекке дейін ұсынған инвесторларға әр $1 000 номинал үшін $1 012 төлеу қарастырылған. Оның ішінде $30 – облигацияны ерте ұсынғаны үшін қосымша төлем.

ҚазМұнайГаз Қазақстандағы ірі мұнай-газ жобаларына қатысады. Компанияның Теңіз жобасындағы үлесі – 20%, Қашағанда – 16,88%, Қарашығанақта –10%. Бұдан бөлек, ҚМГ мұнай тасымалдау және теңіз логистикасы саласындағы бірқатар активтерге иелік етеді.

2026 жылдың бірінші жартысында ҚазМұнайГаздың таза пайдасы бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда 69,1%-ға өсіп, 904 млрд теңгеге жетті. Ал мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 4,6%-ға азайып, 12,437 млн тоннаны құрады.

Тағы да оқыңыз →
Halyk Bank пен Kaspi.kz акциялары түсті: KASE 8 мың пункттен төмендеді
Сондай-ақ оқыңыз