Қайрат Боранбаевтан қайтқан газ компаниясы шығыннан құтыла алмай отыр

Жарияланды 24 Тамыз 2026 13:23

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
«АзияГаз Чунджа» компаниясы шығынға батып отыр Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы – Қайрат Боранбаев 2023 жылы мемлекет меншігіне өткізген газ компаниясы қомақты шығыннан құтыла алмай отыр. «АзияГаз Чунджа» компаниясының 2024-2025 жылғы қаржы есебіне сәйкес, 2024 жылы компания шығыны 3,2 млрд теңге болса, былтырғы шығын 260,5 млн теңгені құраған.

2024-2025 жылдары компанияның қызмет көрсету мен өнім сатудан алған түсімі көбейгенімен, операциялық шығыны да артқан.

Қаржы есебінде аудиторлар компанияның нарықтық, несие және өтімділік тәуекелдері сияқты қаржы қауіп-қатері жоғары екенін атап өткен. Өйткені компания мойнында 287 млн теңгеге жуық несие қарызы бар.

«АзияГаз Чунджа» ЖШС ­­– Алматы облысының Ұйғыр ауданын газбен қамтамасыз ететін жалғыз компания. 2023 жылдың қазанына дейін Қайрат Боранбаевтың иелігінде болған.

Қазір 100 пайыз акциясы QazaqGaz ұлттық компаниясына тиесілі. QazaqGaz Aimaq компаниясына сенімгерлік басқаруға берілген.

Компания мемлекет меншігіне қалай қайтарылды

2023 жылдың қыркүйегінде Астананың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Қайрат Боранбаевты 6 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Оған «ҚазТрансГазға» (қазіргі QazaqGaz) тиесілі 14,5 млрд теңгені жымқырды және жылыстатты деген айып тағылған. Сол кезде сот шешімімен дүние-мүлкі де тәркіленген.

Мемлекет қаржысын талан-таражға салды деген айып тағылған Қайрат Боранбаев тергеумен ерікті ынтымақтастық аясында компанияны басқа да активтерімен бірге мемлекет меншігіне өткізді. Аталмыш компанияның нарықтық құны 14 млрд теңгеге бағаланды.

Сол жылы қазан айында Боранбаевтың жазасы бас бостандығын шектеуге ауыстырылды. Осылайша жазаның өтелмеген бөлігін Боранбаев пробациялық бақылауда жүріп өтеп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз