Вольфрам кен орнын игеріп отырған қытай компаниясы түсімін еселеп арттырды

Жарияланды 25 Тамыз 2026 09:52

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Қытай компаниясының табысы артты / Фото: shutterstock

Алматы облысындағы «Бұғыты» вольфрам кен орнын игеріп жатқан Jiaxin International Resources компаниясы биыл қаржы түсімін еселеп арттырған. Бұл туралы қаржыгер Арман Батаев компанияның қаржы деректеріне сүйене отырып жазады.

Компания табысының артуына Бұғытыдағы өндіріс толық іске қосылып, әлемдік нарықта вольфрамның қымбаттауы себеп. Осының арқасында компания алты айда 4 000 тоннадан астам концентрат шығарды. Түсім 21 есе өсіп, 2,70 миллиард гонконг долларына (345,5 млн долларға) жетті. 2025 жылғы шығынның орнына компания 1,58 миллиард гонконг доллары (202,4 млн доллар) көлемінде таза пайда тапты.

Операциялық ақша ағыны 1,32 миллиард гонконг долларын ($168,4 млн) құрады. Компания шоттағы қаражатты көбейтіп, қарызын 1,02 миллиард гонконг долларына ($130,4 млн) дейін азайтты. Қаржы жағдайдың жақсаруы Jiaxin-тің таза пайда алуына жол ашты.

Табыстың өсуі акционерлерге дивиденд төлеуге мүмкіндік берді. Төлем мөлшері бір акцияға 1,87 гонконг долларын ($0,24) құрайды. Бұл – жартыжылдық таза пайданың 55%-ы. Акционерлер тізімі 17 қыркүйекте бекітіліп, ақша 2026 жылдың 11 қарашасында төленеді.

Сонымен бірге өндіріс инфрақұрылымы да кеңейіп жатыр. «Жетісу Вольфрамы» мекемесі қалдық сақтау қоймасын үлкейту үшін China Civil Engineering Construction Corporation компаниясымен келісімшартқа отырған.

Төлем сомасы 256,9 миллионнан 306,1 миллион юаньға дейін ($38,2–45,5 млн) барады. Мердігерлер бөгеттер, су жүйелері мен бақылау нысандарын салады. 575 күнге созылатын құрылыс 2028 жылдың 22 сәуірінде аяқталуға тиіс.

eGov.kz мәліметінше, «Жетісу Вольфрам» компаниясының құрылтайшылары – «Арал-Кеген» және Ever Trillion International Singapore. Өз кезегінде, «Арал-Кеген» компаниясының иелері – Jiaxing International Resources Investment және Лю Личиан. 

Сондай-ақ оқыңыз