
Ормұз бұғазындағы кеме қозғалысы аздап жандана бастады. Kpler дерегінше, 26 тамыз, сәрсенбі күні бұғаз арқылы 10 тауар тасымалдайтын кеме өткен. Бір күн бұрын олардың саны сегіз болған.
Дегенмен қозғалыс әлі қалыпты деңгейге оралған жоқ. Соңғы 10 күндегі орташа көрсеткіш – тәулігіне шамамен 15 кеме. Өткен кемелердің арасында мұнай өнімдерін тасымалдайтын танкерлер мен сұйытылған мұнай газын (LPG) тасымалдаушы кеме бар. Бұған қоса кейбір кемелер қауіпсіздік мақсатында транспондерін өшіріп жүруі мүмкін, сондықтан нақты қозғалыс ресми есептен сәл жоғары болуы ықтимал.
Кеме қозғалысының артуы Иран мен Оманның Ормұз бұғазындағы тасымалды реттеу жөніндегі келіссөздерімен тұспа-тұс келіп отыр. Нарық бұны мұнай жеткізіліміне төнген қауіптің біртіндеп азаюының белгісі ретінде қабылдады. Соның әсерінен Brent бағасы 87 долларға дейін төмендеді.