
Курчатов қаласындағы электр станциясының құрылысына 881 млрд теңге жұмсалмақ. Үкімет инвестициялық келісімді мақұлдады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
«Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚР Энергетика министрлігі мен «ГРЭС Курчатов» ЖШС арасындағы Абай облысының Курчатов қаласында қуаты 700 МВт конденсациялық электр стансасын салу жөніндегі инвестициялық келісімді мақұлдады», – делінген хабарламада.
Жоба Курчатов қаласын одан әрі дамытудың энергетикалық негізіне айналады. Мұнда ірі ғылыми инфрақұрылым нысандары: Ұлттық ядролық орталық, Ядролық технологиялар паркі, зерттеу реакторлары, зертханалар және қазақстандық термоядролық КТМ токамак шоғырланған.
Әрқайсысының қуаты 350 МВт болатын екі энергия блогын кезең-кезеңімен 2032 жылға дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Электр стансасы іске қосылғаннан кейін жылына 5 млрд кВт·сағ дейін электр энергиясын өндіре алады.
Бұған дейін аталмыш жоба құны 760 млрд теңгені құрайтыны хабарланған. Құрылысқа бюджет қаражаты жұмсалмайды.
«ГРЭС Курчатов» компаниясының жалғыз иесі – Темірлан Исатайұлы Өтегенов. Аталған кәсіпорын 2025 жылдың 31 мартында тіркеліп, сол жылдың 12 қарашасында қайта тіркеуден өткен.
Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сүйенсек, Темірлан Өтегенов «Қазақмыс» корпорациясының құрамына кіретін, Балқаш және Жезқазған ЖЭО-ларына иелік ететін Kazakhmys Energy компаниясының бірінші басшысы қызметін атқады. Бұдан бөлек, ол Қазақстан электр энергетикалық ассоциациясының директорлар кеңесінің құрамына енеді.