Samsung Қазақстандағы ірі мұнай өңдеу жобасына қатысуы мүмкін

Жарияланды 8 Қыркүйек 2026 09:44

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Самсунг еліміздегі МӨЗ инвестиция салуы мүмкін /фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қазақстанда салынатын төртінші ірі мұнай өңдеу зауытына Оңтүстік Кореяның Samsung E&A компаниясы қызығушылық танытып отыр. Болашақ кешен жылына 10 млн тоннаға дейін мұнай өңдеуі мүмкін. Зауыт тек жанармай шығарумен шектелмей, мұнай-химия өнімдерін өндіруге де бағытталмақ.

Samsung жобаны зерттеуге кіріспек

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Samsung E&A президенті және бас атқарушы директоры Хонг Намкунгпен кездесті. Тараптар Қазақстанда жаңа мұнай өңдеу және мұнай-химия кешенін салу жобасын талқылады.

Кореялық компанияға жобаның қазіргі дайындығы, болашақ зауыттың технологиясы, мұнай-химия өндірісі, жеке инвестиция тарту және инженерлік шешімдер таныстырылған.

Кездесу қорытындысында Samsung E&A жобаны тереңірек зерттеуге және оны іске асырудың кейінгі кезеңдеріне қатысу мүмкіндігін қарастыруға қызығушылық білдірді. Әзірге компанияның жобаға нақты инвестор немесе мердігер ретінде кіретіні туралы келісім жарияланған жоқ.

Жаңа зауыт қандай болады?

Қазақстан төртінші ірі МӨЗ құрылысына дайындықты биыл мамырда бастады. Жоспар бойынша жаңа кешен жылына 10 млн тонна мұнай өңдей алады.

Жобаның тапсырыс берушісі – «Самұрық-Қазына» қорына қарасты SK Ondeu компаниясы. Қазір халықаралық инжинирингтік топ алдын ала техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеп жатыр.

Зауыттың нақты қай жерде салынатыны әзірге шешілген жоқ. Шикізат көзі, инфрақұрылым, өндірістік бағыт және технология ескеріліп, бірнеше нұсқа қарастырылып жатыр. Алдын ала зерттеудің нәтижесінде Үкіметке зауыттың техникалық және экономикалық параметрлері ұсынылады.

Қазақстанға төртінші МӨЗ не үшін керек?

Қазір Қазақстанда үш ірі мұнай өңдеу зауыты жұмыс істейді – Атырау, Павлодар және Шымкент МӨЗ-дері. 2025 жылы елдегі мұнай өңдеу көлемі 18,4 млн тоннаны құрады.

Үкімет алдағы жылдары қолданыстағы үш зауыттың да қуатын арттыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар төртінші МӨЗ іске қосылғаннан кейін Қазақстанның жалпы мұнай өңдеу қуатын жылына 40 млн тоннаға дейін жеткізу көзделген.

Энергетика министрлігінің жоспары бойынша жаңа зауытты 2033 жылы іске қосу көзделіп отыр. Оның көмегімен елдегі авиакеросин тапшылығын жою және кейін көрші нарықтарға жанар-жағармай экспортын ұлғайту жоспарланған.

Samsung E&A – мұнай өңдеу, мұнай-химия және энергетика нысандарын жобалау мен салуға маманданған Оңтүстік Кореяның ірі инженерлік компанияларының бірі. Компанияның портфелінде әлемнің түрлі елдеріндегі мұнай өңдеу және мұнай-химия жобалары бар.

Айта кетейік, осыған дейін «Самұрық-Қазына» француз компаниясымен келісімге қол қойған еді.

Сондай-ақ оқыңыз