Табысы инфляциядан асты: зейнетақы жинағын қай компанияға сеніп тапсырған тиімді

Жарияланды 8 Қыркүйек 2026 14:51

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Фото: kursiv.media

Зейнетақы жинағын 100%-ын жеке инвестициялық портфельді басқарушыларға (ЖИБ) беру мүмкіндігі туған сәтте, басқарушы компанияны дұрыс таңдаудың маңызы артты. Осы орайда «Tengenomika» Telegram-каналының авторы, экономист Руслан Султанов 2023 жылдың қаңтары мен 2026 жылдың шілдесі аралығындағы 3 жыл 7 ай ішіндегі ЖИБ көрсеткіштерін талдап, инвестициялық кірістілік рейтингін ұсынды.

Осы кезеңдегі жинақталған инфляция 42,39%-ды құрағанына қарамастан, нарықтағы барлық жеке компаниялар бұл межеден асып түсті.

Тізімді 64,07% кірістілікпен (инфляциядан 21,68 пайыздық тармаққа жоғары) «Сентрас Секьюритиз» бастап тұр.

Екінші орынға 59,37% нәтижемен Halyk Finance, үшінші орынға 56,63% көрсеткішпен Halyk Global Markets орнықты.

Үздік бестікті 56,24% кірістілікпен Alatau City Invest пен 52,10% нәтиже көрсеткен BCC Invest түйіндейді.

Ал Ұлттық банк басқаратын БЖЗҚ активтері 45,51% кірістілік тауып, инфляциядан 3,11 пайыздық тармаққа ғана оза алды.

Экономист атап өткендей, жеке басқарушы компанияны таңдағанда брендке емес, нақты басқару нәтижесіне қарау керек.

Жеке компаниялардың табысы арасындағы айырмашылық 12 пайыздық тармаққа жетсе, көшбасшы мен БЖЗҚ арасындағы алшақтық 18 тармақтан асып жығылды.

Таңдау құқығын өзі де пайдаланып, жинағын екі ұйымға бөліп орналастырған автордың пікірінше, бұл рейтинг енді жай ғана статистика емес, зейнетақы капиталының ұзақ мерзімдегі сатып алу қабілетін тікелей айқындайтын басты көрсеткішке айналды.

7 қыркүйектен бастап қазақстандықтар зейнетақы жинағының 100%-ына дейін жеке инвестициялық компаниялардың басқаруына бере алады. Бұған дейін салымшы жинағының жартысынан аспайтын бөлігін ғана аударуға құқылы еді. Жаңа мүмкіндік міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен жиналған қаражатқа қолданылады.

Сондай-ақ оқыңыз