Диқандар егінді жаппай жинап жатыр: алқаптардың 61,6%-ы жиналды

Жарияланды 9 Қыркүйек 2026 16:02

(жаңартылды 10 Қыркүйек 2026 00:10)
Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Астық жинау барысы / фото: ЖИ

Қазақстанда егін жинау науқаны қызу жүріп жатыр. 9 қыркүйектегі жағдай бойынша диқандар дәнді дақыл егілген алқаптың 61,6%-ын жинап үлгерді. Жалпы 13,5 млн тонна астық бастырылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады, деп жазады Kursiv.Media.   

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, шаруалар 9,6 млн гектар алқапты жинап болған. Орташа өнімділік гектарына 14,1 центнерді құрады.

Былтырғыдан әлдеқайда көп астық қабылданды

Биыл егін жинау қарқыны 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жоғары.

Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына қазірдің өзінде 2,83 млн тонна астық жеткізілген. Былтыр осы уақытта бұл көрсеткіш небәрі 552,7 мың тонна болған. Яғни қабылдау көлемі бес еседен астам артқан.

Бидайдың 93%-ы азық-түлікке жарамды

Министрлік биылғы астықтың сапасы да жақсы екенін хабарлады. Зертханалық тексеруден өткен жұмсақ бидайдың 93%-ы азық-түлік класына жатқызылған.

Соның ішінде азық-түлік бидайының басым бөлігі – үшінші сыныпты бидай. Оның үлесі 75%. Тағы 18%-ы төртінші сыныпқа жатады. Бесінші сыныптағы және сыныпқа жатпайтын астықтың үлесі 7%-ды құрайды.

Бидай сапасын анықтайтын негізгі көрсеткіштердің бірі – клейковина мөлшері. Зерттелген жұмсақ бидайдың жартысынан көбінде оның үлесі 28%-дан жоғары болған. Бұл жаңа өнімнің сапасы мен экспорттық әлеуеті жоғары екенін көрсетеді.

Жиналған астық ішкі нарықты қамтамасыз етуге ғана емес, Қазақстанның астық экспортын ұлғайтуға да мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктермен бірге егін жинау, астықты қабылдау және сақтау барысын бақылауды жалғастырып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз