
Қытайдың State Power Investment Corporation (SPIC) энергетика корпорациясы Павлодар облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салады, деп хабарлайды Kursiv.Media. Энергетика министрлігі қытай инвесторымен жоба барысын талқылаған.
Екібастұз қаласының маңында бой көтеретін бұл ірі нысанды SPIC компаниясы «Pavlodar Green Energy» ЖШС-мен бірлесіп жүзеге асырады.
Жобаға құйылатын тікелей шетелдік инвестиция көлемі 1,2 млрд долларды құрайды. Жаңа жел электр станциясын пайдалануға беру 2029 жылға жоспарланған.
Аталған жоба аясында қуаты 300 МВт / 600 МВт·сағ болатын энергия жинақтау жүйесі бар жел электр станциясы салынады.
Бұл бастама жаңартылатын көздерден өндірілетін электр энергиясының көлемін арттырып, аймақтың энергетика жүйесінің тұрақтылығын нығайтуы тиіс.
SPIC – әлемдегі ең ірі энергетикалық компаниялардың бірі әрі Қытайдағы салалық үздік 5 корпорацияның қатарына кіреді. Оның шетелдегі активтері 5,5 млрд долларға бағаланады. Корпорация ҚХР-да жылу энергиясын өндіру бойынша көш бастап тұр.
Бұған дейін тағы бір қытай компаниясы Абай облысында жел және күн электр станциясын салатыны хабарланған.