
Түнде терезеден бөлмеге түсетін жарықтың өзі жүректің жұмысына әсер етуі мүмкін. Мұндай мәлімдемені АҚШ-тағы Тулейн университетінің зерттеушілері келтіріп отыр.
Зерттеу European Heart Journal журналында жарияланды. Авторлар 11 071 адамның деректерін талдаған. Зерттеуге қатысушылар жеті күн бойы білегіне жарық деңгейін өлшейтін құрылғы тағып жүрген. Ал шамамен үш жылдан кейін олардың жүрегіне МРТ жасалған.
Жүректе қандай өзгерістер болған
Зерттеушілер түнде 3 люкстен жоғары жарыққа ұшыраған адамдарды қараңғы жерде ұйықтаған қатысушылармен салыстырады.
Жарық деңгейі жоғары топтағы адамдардың жүрегінің құрылысы мен жұмысында бірнеше айырмашылық анықталған. Олардың сол жақ жүрек бөлігінің қабырғасы қалыңырақ, ал оның ішкі қуысы тарлау болған.
Сонымен қатар жүрек циклі кезінде жүрек бұлшықетінің жиырылып, қайта босаңсу қабілеті төмендеген. Өзгерістер жүректің басқа бөліктерінен де байқалған, оң жақ қарынша мен сол жақ жүрекшеге де әсер еткен.
Зерттеу авторлары мұндай өзгерістер жүректің ремоделдену процесіне ұқсайтынын атап өтті. Бұл – ұзақ уақытқа созылған жүктеме немесе зақым әсерінен жүректің құрылысы мен қызметінің өзгеруі. Алғашында бұл ағзаның бейімделу реакциясы болуы мүмкін. Алайда уақыт өте келе жүрек жұмысының нашарлауына және жүрек жеткіліксіздігі қаупінің артуына әкелуі ықтимал.
Өзгеріске не себеп болған
Мұның ықтимал себептерінің бірі ұйқымен байланысты болуы мүмкін. Жарық адамның ішкі биологиялық сағатын реттейтін маңызды белгі саналады.
Түнгі уақытта жарықтың шамадан тыс болуы осы ырғақты бұзып, ұйқының ұзақтығы мен сапасына әсер етуі мүмкін. Ал ұйқының бұзылуы өз кезегінде жүрек-қан тамырлары жүйесіне әсер етеді.
Зерттеудің бірқатар елеулі шектеуі бар. Атап айтқанда, жарық деңгейі небәрі бір апта бойы өлшенген, ал жүректің жағдайы шамамен үш жылдан кейін бағаланған. Сондықтан алынған деректерге сүйеніп, нақты қорытынды жасауға болмайды.
Сонымен қатар зерттеу авторлары түнгі ауысымда жұмыс істеу, түнде гаджет пайдалану және ұйқы режимі сияқты басқа факторлардың әсерін жоққа шығара алмайды.
Жарық неғұрлым аз болса, соғұрлым жақсы
Зерттеу авторлары жатын бөлмедегі жарықты өшіруге, терезені қалың пердемен жабуға, қосулы тұрған экрандарды сөндіруге және электронды құрылғылардағы кішкентай жарық диодтарын мүмкіндігінше жауып қоюға кеңес береді.
Дегенмен ғалымдар жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупі барынша төмендейтін жарық деңгейін әзірге анықтаған жоқ. Сондықтан зерттеу нәтижелері түнгі шамды қолданудың өзі міндетті түрде жүрекке зиян келтіреді дегенді білдірмейді.
Түнгі жарық деңгейін азайту жүрек-қан тамырлары денсаулығының көрсеткіштерін жақсарта ма, жоқ па, соны анықтау үшін қосымша зерттеулер қажет.
Тағы да оқыңыз: Оқушылар қанша сағат ұйықтауы керек – министрлік маңызды кеңес берді