Аутизм бұзылысы бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау тәсілі өзгереді

Жарияланды 14 Қыркүйек 2026 16:01

Айгерім Таубай

Айгерім Таубай

General news бөлімінің аға журналисі a.taubay@kursiv.media
рас
Фото: unsplash, бильд-редактор: Дастан Шанай

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аутизм спектрі бұзылысы бар балалармен жұмыс істеу тәсілдерін өзгертіп жатыр. Ұлттық әлеуметтік қорғау орталығы әлеуметтік қызметкерлерге арналған практикалық нұсқаулық әзірлеуге кірісті.

Жаңа нұсқаулық мамандарға аутизм бұзылысы бар әр балаға жеке жағдай жасауға көмектеседі.

«Нақты жағдай мен отбасының сұранысын ескеріп, жұмысты кезең-кезеңімен ұйымдастыруға мүмкіндік беретін түсінікті алгоритм мен ұсыным беріледі», – делінген ақпаратта.

Нұсқаулықта әлеуметтік қызметкер отбасымен жұмысты нөлден бастап қалай құру керек екені жазылады. Оның ішінде алғашқы әңгімелесуден және негізгі мәселелерді анықтаудан бастап, бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеуге дейін қамтылады. 

Сондай-ақ құжатта дәрігерлер мен педагогтерді көмек көрсетуге қалай тарту керек екені және бұл қолдау бала мен оның жақындарына қаншалықты нақты пайда әкелгенін кейін қалай бағалау қажет екені түсіндіріледі.

Еңбек министрлігі аутизм бұзылысы бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мен әлеуметтік қызметкерлер арасындағы өзара іс-қимыл әлі де зерттеліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ аутизм спектрінің бұзылысы әртүрлі болатынын, әлеуметтік қызметкерлер нақты бір үлгімен емес, жеке-жеке жұмыс істеуі қажет екенін мәлімдеген.

Айта кетейік, кейінгі үш жылда елде аутизм салдарынан мүгедектігі бар балалар саны 7,6 мыңнан 13,9 мың адамға дейін өскен.

Сондай-ақ оқыңыз