ФРЖ үш жылдан кейін алғаш рет мөлшерлемені көтеруі мүмкін

Жарияланды 16 Қыркүйек 2026 17:11

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
ФРЖ мөлшерлемені көтерyі мүмкін / фото: Win McNamee

АҚШ Федералдық резерв жүйесі 16 қыркүйекте базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімін жариялайды. Нарық қатысушылары ФРЖ ақша-кредит саясатын қайта қатаңдатып, мөлшерлемені көтереді деп күтіп отыр, деп хабарлайды Kursiv Media.

Қазір федералдық қорлар мөлшерлемесінің мақсатты диапазоны 3,50–3,75% деңгейінде. Шілдедегі отырыста ФРЖ оны өзгеріссіз қалдырған еді. Сол кезде комитеттің үш мүшесі мөлшерлемені 0,25 пайыздық тармаққа көтеруді қолдаған.

Нарық не күтіп отыр?

16 қыркүйектегі жағдай бойынша туынды қаржы құралдары нарығы ФРЖ мөлшерлемені 25 базистік тармаққа көтеріп, 3,75–4,00% диапазонына жеткізеді деген сценарийді шамамен 93% ықтималдықпен бағалап отыр. Егер бұл шешім қабылданса, ол АҚШ-тағы 2023 жылдан бергі алғашқы мөлшерлеме өсімі болады.

ФРЖ-ның қатаң саясатқа қайта оралуына инфляцияның мақсатты 2%-дан жоғары болуы, еңбек нарығының салыстырмалы тұрақтылығы және соңғы уақытта мұнай бағасының күрт қымбаттауы әсер етіп отыр. Қымбат энергия инфляциялық қысымды қайта күшейтуі мүмкін.

Шешім қашан шығады?

ФРЖ-ның екі күндік отырысы 15–16 қыркүйекте өтіп жатыр. Мөлшерлеме жөніндегі шешім 16 қыркүйекте Вашингтон уақытымен 14:00-де, яғни Алматы уақытымен 23:00-де жарияланады. Жарты сағаттан кейін ФРЖ төрағасының баспасөз конференциясы басталады.

Бұл жолы ФРЖ экономикалық өсім, инфляция, жұмыссыздық және болашақ мөлшерлемелер бойынша жаңартылған болжамдарын да жариялайды. Сондықтан нарық үшін мөлшерлеменің өзі ғана емес, ФРЖ-ның ары қарай не істейтіні жөніндегі сигналы да маңызды болады.

Сондай-ақ оқыңыз