Елдегі ломбардтар табысын 18%-ға арттырды 

Жарияланды 1 Қазан 2026 10:10

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Ломбардтардың табысы артты/ фото: kursiv.media

Қазақстандағы ломбардтардың таза пайдасы 2026 жылдың алғашқы алты айында 36,9 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,3%-ға көп. Салыстырмалы түрде, 2025 жылы өсім 31,4%, ал 2024 жылдың алғашқы жартысында 72,9% болған, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Үш жыл ішінде ломбардтардың табысы айтарлықтай өскен. 2023 жылдың қаңтар–маусымында сектордың таза пайдасы 13,7 млрд теңге болса, биыл бұл көрсеткіш 2,7 есеге артқан.

Finprom.kz мәліметінше, 2026 жылғы 1 шілдеде ломбардтардың жалпы активтері 669,8 млрд теңгеге жеткен. Бұл микрокредиттік ұйымдардың барлық активтерінің 18,9%-ын құрайды.

Нарықтағы пайданың едәуір бөлігі ірі компанияларға тиесілі. «М-Ломбард» 7,8 млрд теңге, «МК-Ломбард» 5,9 млрд теңге, ал «МК-Золото Ломбард» 5,2 млрд теңге таза пайда тапқан. Осы үш компанияның жиынтық пайдасы 18,9 млрд теңге, яғни бүкіл сектор пайдасының 51,3%-ын құрады.

Сонымен қатар сектордың жалпы кірісі бір жылда 63,1%-ға өсіп, 260,8 млрд теңгеге жеткен. Шығындар да 65,4%-ға артып, 179 млрд теңгені құрады.

Ломбардтағы қарыздың тағы бір ерекшелігі  оның кредиттік тарихта сақталуы. 2020 жылдан бастап ломбардтар қаржы нарығын реттеу жүйесіне енгізіліп, олар берген микрокредиттер туралы ақпарат кредиттік бюроларға беріледі.

Алайда 2026 жылы реттеуші ломбардтағы кепілмен берілген қарыздар бойынша кредиттік есепке қатысты өзгерістер ұсынды. Атап айтқанда, кешіктірілген күндер, мерзімі өткен төлем сомасы, айыппұл мен өсімпұл туралы ақпаратты алып тастау қарастырылып отыр. Қарыздың өзі кредиттік есепте қала береді.

Сондай-ақ оқыңыз