
METRO AG компаниясы Қазақстандағы қызметін 2027 жылғы наурыз айының соңына дейін тоқтату туралы шешім қабылдады. Осыған байланысты Қазақстандағы компанияның барлық алты дүкені мен жеткізу қызметі кезең-кезеңімен жабылады, деп хабарлайды Kursiv.media.
Компанияның хабарлауынша, бұл шешім METRO-ның Қазақстандағы бизнесінің ұзақ мерзімді дамуына жүргізілген талдаудан кейін қабылданған. Жергілікті команда компанияның ұсынысын күшейтіп, көтерме сауда қызметін қазақстандық нарыққа бейімдеу үшін жұмыс істегенімен, бизнесті тұрақты өсіруде қиындықтарға тап болған.
«Қазақстандағы қызметімізді тоқтату туралы шешім қабылдау біз үшін оңай емес. Бұл шешім бизнестің ұзақ мерзімді дамуын жан-жақты бағалау нәтижесінде қабылданды. Бұл Қазақстанда жылдар бойы тұтынушыларға қызмет көрсетіп, беделді көтерме сауда бизнесін қалыптастырған жергілікті команданың еңбегіне еш қатысы жоқ», – деді METRO AG басқарма мүшесі, операциялық директор әрі еңбек қатынастарына жауапты директор Кристиане Гизен.
Ол компания үшін қазір 650 қызметкердің мүддесін ескере отырып, бизнестен шығу процесін жауапкершілікпен және құрметпен ұйымдастыру басты міндет екенін атап өтті.
METRO Қазақстан нарығына 2009 жылдың қазанында кіріп, елдегі алғашқы халықаралық көтерме сауда компаниясы болды. Компания бұл қадамды Еуропа инвестициясы мен Қазақстандағы сауда инфрақұрылымын жаңғыртудағы маңызды кезең ретінде бағалайды.
Содан бері METRO Қазақстандағы дүкендер желісіне, логистикаға, жеткізу тізбегіне, кадрларға және коммерциялық серіктестіктерге қомақты инвестиция салған. Соңғы жылдары компания қонақүй, мейрамхана және қоғамдық тамақтану саласындағы бизнес өкілдері мен саудагерлерге арналған көтерме сауда серіктесі ретіндегі бағытын күшейтіп, жеткізу қызметін де кеңейтті.
Алайда компанияның мәліметінше, географиялық тұрғыдан әртараптанған клиенттік базаға ие мамандандырылған азық-түлік көтерме сауда нарығында тұрақты өсімге мүмкіндік беретін бизнес моделін қалыптастыру қиын болған.
METRO Қазақстан қызметкерлеріне бизнестен шығу кезеңінде қолдау көрсетіп, барлық рәсімді еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес әділ әрі құрметпен жүргізетінін мәлімдеді. Сонымен қатар жергілікті басшылық алдағы айларда тұтынушылар, серіктестер және басқа да мүдделі тараптар алдындағы міндеттемелердің жауапкершілікпен орындалуын қамтамасыз етпек.
Әлем бойынша METRO қызметін шамамен 15 млн клиент пайдаланады. Компания көтерме сауданың көпарналы моделін ұсынады. Клиенттер өз өңіріндегі ірі дүкендердің бірінен тауар сатып ала алады немесе жеткізу қызметіне (Food Service Distribution, FSD) тапсырыс бере алады. Бұл арналардың барлығы цифрлық технологиялар арқылы өзара байланыстырылған.
Тұрақты даму қағидаты METRO қызметінің негізгі бағыттарының бірі саналады. Компания MSCI, Sustainalytics және CDP сияқты тұрақты даму индекстері мен рейтингтеріне енгізілген.
METRO әлемнің 30-дан астам елінде жұмыс істейді және компанияда 84 мыңнан астам адам еңбек етеді. 2024/25 қаржы жылында METRO-ның сатылым көлемі 32,4 млрд еуроны құрады.
Тағы да оқыңыз: Маркетплейстер шағын және орта бизнестің негізгі драйверіне айналып келеді