
Құрылтай депутаты Сергей Пономарев Қазақстан мен Ресей арасындағы мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу туралы келісімді ратификациялау мәселесіне қатысты сұрақ қойды, деп хабарлайды Kursiv.media.
Оның айтуынша, келісім 2012-2024 жылдар аралығында күшінде болып, осы кезеңде Ресейден мұнай өнімдері Қазақстанға кедендік бажсыз жеткізілген. Депутат келісімнің мерзімі аяқталғаннан кейін қазақстандық компаниялар қанша көлемде кедендік баж төлегенін сұрады.
Сондай-ақ Сергей Пономарев 2024 жылғы қарашада қол қойылған хаттаманың Қазақстанда не себепті екі жылдан кейін ғана ратификацияланып жатқанын сұрады. Ресей тарапы хаттаманы 2025 жылы ратификациялаған.
Энергетика министрі Ерлан Ақкененов Қазақстанның бұл кезеңде кедендік баж ретінде бірде-бір теңге төлемегенін айтты.
«Біз бір теңге де, бір рубль де кедендік баж төлеген жоқпыз. Ратификацияның кешігуі ішкі мемлекеттік рәсімдердің өтуіне, соның ішінде заң шығару органындағы өзгерістерге байланысты болды», – деді министр.
Оның сөзінше, хаттамада оның кері күшіне қатысты норма қарастырылған. Яғни хаттамаға сәйкес тараптар арасындағы бұрын туындаған қатынастар да осы келісіммен реттеледі.
«Сондықтан Қазақстан басқа елдердің бюджетіне бірде-бір теңге кедендік баж төлеген жоқ», – деді Ерлан Ақкененов.
Құрылтай отырысында Қазақстан мен Ресей мұнай жеткізу туралы келісімді 2028 жылға дейін ұзартты.