KEGOC әр акцияға 81,25 теңге дивиденд төлейді

Жарияланды 9 Қазан 2026 12:01

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
KEGOC компаниясы / фото: KEGOC

KEGOC 2026 жылдың бірінші жартыжылдығы үшін әр жай акцияға 81,25 теңгеден дивиденд төлейді. Акционерлерге жалпы 22,4 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы компанияның мәлімдемесіне сүйеніп, Kursiv Media хабарлайды.

Тиісті шешім акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысында қабылданды. Жиында компанияның 2026 жылғы алғашқы алты айдағы қаржылық есебі де бекітілді.

Дивиденд алуға құқығы бар акционерлер тізімі 14 қазанда сағат 00:00-де тіркеледі. Төлем 1 қарашада басталады. Қаражат шешім қабылданған күннен бастап 90 күнтізбелік күн ішінде Орталық бағалы қағаздар депозитарийі арқылы акционерлердің шоттарына аударылады.

Мысалы, тізімге енген инвестордың қолында компанияның 100 акциясы болса, оған есептелетін дивиденд 8 125 теңгені құрайды.

KEGOC жылына екі рет дивиденд төлейді. Компания 2014 жылы қор нарығына шыққаннан бері акционерлеріне жалпы 349,8 млрд теңге төлеген.

Айта кетейік, 8 қазандағы KEGC акциясының бағасы 0,1 пайызға көтеріліп, 1523,99 теңге болған.

Сондай-ақ оқыңыз