
Бірнеше жыл диализде жүріп, бүйрек салдырған азаматтар кемі үш ай күтінуі керек. Одан бөлек дәрігердің нұсқауы бойынша күніне 20-25 дәріден ішеді. Соның бірі – Николь Батырбаева. Оған туған ағасы бір бүйрегін берген. KursivMedia түсірілім тобы операция барысын түсіріп, Никольдың отаға дейінгі жағдайын білген еді. Сол кезде ота жасайтын трансплантологпен сөйлесіп, донор күтіп жүрген азаматтар жайлы сұрады.
Материалдың бірінші бөлімін мына жерден оқи аласыздар.
Бүйрек трансплантациясы Алматыдағы Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында жасалды. Николь операциядан бір апта өткен соң ауруханадан шыққан. Қазір көшеге шығып, емін-еркін жүруіне болмайды, үш ай карантинде болуға тиіс.
«Жағдайым жақсы. Өзімді жақсы сезінемін. Операциядан он күн өтті. Бір аптадан кейін үйге жіберді, өйткені анализдерім жақсы болды. Дәрігерлердің айтқанын толық орындап жүрмін. Күніне 20-25 дәрі ішемін. Жансақтау бөлімінен шыққаннан бері жүріп жүрмін. Күніне он мың қадам жасаймын. Диализге бармау бостандық сияқты», – дейді Николь.
Айтуынша, ағасының да жағдайы жақсы, жұмысын жалғастырып жатыр.
«Өмір үшін күресіп жүр»
Алматылық нефролог Гулшода Каюмова күн сайын бүйрегі істен шыққан науқастармен жұмыс істейді. Науқастар аптасына үш рет төрт сағаттан диализ аппаратында жатуға мәжбүр.
Маманның сөзінше, бұл олардың өмір ұзатудың жалғыз жолы.
«Қазақстанда диализде жүрген жастар көп. 20-25 жастағылар отбасы құру, жұмыс істеуді ойласа, біздің пациенттер өмірмен күреседі. Елде мәйіттік донорды дамыту керек. Бұл науқастардың өмірін жақсартудың бірден-бір жолды. Әдетте диализде 10-15 жыл жүрген науқас донор табылмаса, сырқатынан қайтыс болады», – дейді Гулшода Каюмова.
«Жүз жылға жететін жүрек салды»
Қазақстанда жүзінші жүрек трансплантациясы шымкенттік Әлібек Тоғызбаевқа жасалған. Ер адамның сырқаты 2020 жылы басталып, жағдайы қиындай берген. Төрт жыл бойы аппаратқа байланып, бір жыл бұрын жүрек трансплантациясы жасалған. Қазір ер адам жағдайының жақсы екенін, өзін жас сезінетінін айтады.
«Донор туралы опарациядан кейін айтылды, бірақ аты-жөнін айтпады. 62 жастағы кісі екен. Жүрек жас таңдамайды деп түсіндірді. Қазір денсаулығым жақсы, өзімді жас сезінемін. Өзім 55-ке келдім. Жүрекке 100 пайыз кепілдік деп салып берді. Бұл жүрек тағы 100 жыл өмір береді деп айтты», – дейді Әлібек Тоғызбаев.
Ер адам жүрек салу дегенге бастапқыда сенбей, «кім жүрегін береді?» деген ойда жүрген. Сырқаты туралы білгеннен кейін қомақты қаражатқа шетелде жүрек ауыстыруға болатынын естиді, алайда жететіндей қаражаты болмаған соң әрі қарай ізденбеген. Тек дәрігердің нұсқауын орындап, анализдерін уақытында тапсырып жүрген. Нәтижесінде бір күнде донор табылғаны туралы хабар алып, Алматыға қарай жолға шығады. Әрі қарай операция жасалып, денсаулығы ретке келген.
Әлібек Тоғызбаев қоғамда қайтыс болған адамның донор болуына қатысты алып-қашпа әңгіме көп екенін айтып өтті. Ішінде адамның барлық ағзасы бірге көмілуге тиіс деген ойға тоқталды. Ер адамның пікірі мен дін өкілдерінің ресми жауабын Kursiv Media KZ TouTube арнасындағы видеодан көре аласыз.
Айта кетейік, елде ағза ауыстыру операциясын күтіп жүрген бес мыңға тарта адам бар, 125-і бала. Басым бөлігіне бүйрек қажет – 4 208 пациент, 293 адамға бауыр, 208 науқасқа жүрек, 30 науқасқа өкпе және 5 адамға «жүрек-өкпе» салу қажет. Жыл сайын 350-ге жуық адам ағза жетіспеушілігінен күту парағынан алынып тасталады – олар өзіне қажет орган табылмағаннан қайтыс болады.