
Гонконгта тамыз айынан бері маймыл шешегін 21 адам жұқтырып алған, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Гонконг денсаулық сақтау орталығы осыған қатысты мәлімдеме жасаған.
Ведомствоның мәліметінше, жыл басынан бері қалада ауруды 30 адам жұқтырған. Олардың 23-і инфекцияны жергілікті жерде жұқтырса, жетеуі сырттан әкелген.
2022 жылдан бері Гонконгте маймыл шешегін жұқтырудың жалпы саны 114-ке жеткен. Ауру жұқтырғандардың барлығы – ер адамдар. Олардың басым бөлігі вакцина алмаған.
Денсаулық сақтау орталығы соңғы айларда аурудың көбеюін жоғары тәуекелді жыныстық қатынастармен байланыстырады.
Осыған орай, билік эпидемиологиялық бақылауды күшейтіп, вакцинация бағдарламасын кеңейтті.
Соңғы екі аптада инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары топтарға жататын шамамен 360 адам маймыл шешегіне қарсы вакцина алғаны атап өтілді.
Аурудың соңғы тіркелген жағдайы 29 жастағы ер адамнан анықталған. Ол тері бөртпелері, дене қызуының көтерілуі және лимфа түйіндерінің ұлғаюы белгілерімен медициналық көмекке жүгінген. Зертханалық талдаулар оның маймыл шешегін жұқтырғанын растады. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр.
Гонконг билігі эпидемиологиялық тергеуді жалғастырып, анықталған жағдай туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына хабарлауды жоспарлап отыр.
Осыған дейін Ресейде оба ауруының вирусы тарағанына қатысты Қазақстан шекарадағы карантин шараларын күшейткен. Алайда Ресей аурудың тіркелгенін ресми жоққа шығарды.