2027 жылы мүгедектігі бар азаматтар қанша жәрдемақы алады

Жарияланды 19 Қазан 2026 13:10

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
фото: ЖИ көмегімен

2027 жылы Қазақстанда ең төмен күнкөріс деңгейін 50 851 теңгеден 55 173 теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Kursiv.Media. Алайда мүгедектігі бар азаматтарға төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны есептеу үшін бұрынғы 50 851 теңгелік көрсеткішті сақтау ұсынылған.

2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында базалық әлеуметтік төлемдерді есептеуге арналған жалпы ең төмен күнкөріс деңгейі 55 173 теңге болып белгіленбек. Бұл 2026 жылғы 50 851 теңгеден 4 322 теңгеге немесе шамамен 8,5%-ға жоғары.

♿ Әлеуметтік төлемдер · 2027

Мүгедектік жәрдемақысы өспей қалуы мүмкін

2027 жылы жалпы ЕТКД өседі. Бірақ бюджет жобасы мүгедектік жәрдемақысын есептейтін базаны 2026 жылғы деңгейде қалдыруды ұсынады.

2026 жылғы ЕТКД 50 851 ₸
→
2027 жылғы жалпы ЕТКД 55 173 ₸
⚠️ Бірақ мүгедектік бойынша жәрдемақыны есептеу үшін 50 851 теңгелік база қалдыру ұсынылған.
Топ Коэффициент Жоба бойынша 55 173 ₸ қолданылса Айырма
Ⅰ I топ
2,20 ЕТКД 111 873 ₸ 121 381 ₸ −9 508 ₸
Ⅱ II топ
1,76 ЕТКД 89 498 ₸ 97 104 ₸ −7 606 ₸
Ⅲ III топ
1,20 ЕТКД 61 022 ₸ 66 208 ₸ −5 186 ₸
Дерек: 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы, ҚР Әлеуметтік кодексі. Есеп Kursiv Media. Көрсеткіштер бюджет жобасы өзгермейді деген шартпен есептелді.

Бірақ бюджет жобасында жекелеген әлеуметтік төлемдер үшін бөлек есептік көрсеткіш қарастырылған. Құжатта Әлеуметтік кодекстің 10-бабы 1-тармағының 5), 6-1) және 8) тармақшаларында көрсетілген азаматтарға жәрдемақы есептеу үшін ең төмен күнкөріс деңгейін 50 851 теңге деңгейінде қалдыру ұсынылған.

Әлеуметтік кодекстің 10-бабындағы бұл санаттарға мүгедектігі бар адамдар, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтар және асыраушысынан айырылған адамдар кіреді.

Мүгедектік жәрдемақысы қанша болуы мүмкін?

Қазір жалпы аурудан, өндірістік жарақаттан немесе кәсіптік аурудан мүгедектігі белгіленген азаматтарға төлем ЕТКД-ға байланысты есептеледі.

I топқа — 2,20 ЕТКД, II топқа — 1,76 ЕТКД, III топқа — 1,20 ЕТКД беріледі. Бұл коэффициенттер Әлеуметтік кодекстің 177-бабында белгіленген.

2026 жылы есептік ЕТКД 50 851 теңге болғандықтан, I топтағы азамат 111 873 теңге, II топ — 89 498 теңге, III топ — 61 022 теңге алады.

Егер 2027 жылы бұл төлемдер жаңа 55 173 теңгелік ЕТКД бойынша есептелсе, I топтағы жәрдемақы шамамен 121,4 мың теңгеге, II топтікі 97,1 мың теңгеге, III топтікі 66,2 мың теңгеге дейін өсуі керек еді.

Алайда бюджет жобасындағы арнайы норма қабылданса, есептік база 50 851 теңгеде қалады. Демек, коэффициенттер өзгермеген жағдайда I, II және III топтағы мүгедектігі бар азаматтардың негізгі мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақысы 2026 жылғы деңгейде сақталуы мүмкін.

Мәселен, I топтағы азамат жаңа ЕТКД қолданылған жағдайда айына шамамен 9,5 мың теңгеге көбірек алар еді. II топ бойынша айырма шамамен 7,6 мың теңге, III топ бойынша 5,2 мың теңгені құрайды.

Неліктен екі түрлі ЕТКД пайда болды?

Экономикалық тұрғыдан мұндай тәсіл әлеуметтік шығыстардың автоматты түрде өсуін шектеуге мүмкіндік береді. Өйткені мүгедектік пен асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақылар ЕТКД-ға тікелей байланған: есептік көрсеткіш өскен сайын мемлекет төлеуге тиіс сома да автоматты түрде көбейеді.

2027 жылы жалпы ЕТКД-ны 8,5%-ға көтеріп, бірақ осы санаттар үшін есептік базаны бұрынғы деңгейде қалдыру әлеуметтік бюджетке түсетін қосымша жүктемені тежеуі мүмкін.

Бірақ мұның екінші жағы да бар. Жалпы күнкөріс минимумы бағаның өсуіне байланысты көтеріліп жатқан кезде мүгедектігі бар азаматтардың төлемін есептейтін база өзгермесе, олардың жәрдемақысының нақты сатып алу қабілеті төмендеуі ықтимал.

Бұл әсіресе мемлекеттік жәрдемақы негізгі немесе жалғыз тұрақты табыс көзі саналатын адамдар үшін маңызды.

Айта кетейік, әзірге сөз 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы туралы болып отыр. Сондықтан құжатты одан әрі қарау барысында бұл норма өзгеруі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз