
Қазақстандық кәсіпкерлер құрған Nomad Venture Studio (NVS) компаниясы сингапурлық PvX Partners компаниясымен 100 млн долларға дейін қаржыландыру туралы келісім жасады. Компания жасанды интеллект негізінде қосымшалар әзірлейді. Оның негізгі жобаларының бірі айына 3 млн доллар табыс әкеледі, деп хабарлайды Kursiv.media.
NVS негізін қалаушылардың бірі әрі бас директоры Мирас Советовтың айтуынша, бұл – компания тарихындағы ең ірі мәміле. Қаржы жаңа нарыққа шығу және өнімдерді дамытуға жұмсалады. Компания алдағы 6–12 айда табысын 100 млн доллардан асыруды көздеп отыр.
Келісімнің ерекшелігі қаржыландыру алу үшін компаниядағы үлесті берудің қажеті жоқ. PvX Partners жаңа пайдаланушылар тартуға қаражат бөледі, ал NVS оны сол пайдаланушылардан түскен табыс есебінен қайтарады.

Компанияның ең табысты жобасы – JobEscape білім беру платформасы. Ол пайдаланушыларға жасанды интеллектіні меңгеріп, оны жұмыс барысында қолдануды үйретеді. Платформаны 173 елдің тұрғындары пайдаланады, оқу материалдары 19 тілге аударылған.
NVS жарнаманың тиімділігін бағалауға арналған Console AI жүйесін де әзірлеген. Компания мәліметінше, команда жылына шамамен 50 мың жарнамалық материалды сынақтан өткізіп, өз технологиялары арқылы оларды әзірлеуге кететін қол еңбегінің 70%-ына дейін автоматтандырады.
Қазір компанияда 70-тен астам маман жұмыс істейді. Команда 7ART контент жасау платформасы мен балаларға арналған Kidling қосымшасын да дамытып жатыр.
Осыған дейін тағы бір сингапурлік компания Астана әуежайын салу туралы келісімге қол қойды.