
Қазақстан қыркүйек айында Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға бензин экспортын едәуір арттырды. Сұранысқа ие отандық отын бұл бағыттарға кедергісіз өтіп жатқанымен, Ресей нарығына жанармай жеткізу жоспары жүзеге аспаған.
Ресей тарапы мұнай өңдеу зауыттарына дрон түсіп, ішкі нарығында туындаған дефицитті жабу үшін Қазақстаннан 50 мың тонна АИ-92 бензинін сатып алуға ниет білдірген еді. Тіпті айырбас ретінде Астанаға авиакеросин ұсыну мүмкіндігі де талқыланған.
Дегенмен Энергетика министрлігі бөлген экспорттық квоталарға қарамастан, отандық ірі өндіріс орындары – Павлодар және Атырау мұнай өңдеу зауыттары бұл мүмкіндікті пайдаланудан бас тартты. Отандық зауыттардың Ресейге отын жөнелтпеуіне бірнеше экономикалы фактор себеп.
Біріншіден, батыс елдерінің шектеулеріне ілігіп кету қаупі отандық кәсіпорындарды сақтық шараларын күшейтуге мәжбүр етті.
Екіншіден, ресейлік сатып алушылар ұсынған сұраныс бағасы Қазақстан зауыттары үшін тиімсіз болды. Оған қоса, отандық отын сапасы К-4 стандартына сай болса, Ресей нарығы К-5 стандартын талап етеді.
Қазіргі таңда бұл бағытта тек ресейлік шикізатты қайта өңдейтін «Конденсат» жеке зауыты ғана жұмыс істеп жатыр. Келісімшарт бойынша өндірілген отынның 70%-ын кері экспортауға міндетті бұл кәсіпорын қыркүйекте бензин өндірісін арттырып, дизель отынын алғаш рет Қырғызстанға жөнелтті. Сонымен қатар зауыт бензин өнімдерін Ауғанстан, Тәжікстан және Өзбекстан нарықтарына сатуды жөн көрді.
Осылайша, Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттары өзіне тиімсіз әрі қауіпті келісімдерден бойын аулақ ұстап, дайын отынды бағасы мен сауда шарттары қолайлы Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға бағыттауды артық көріп отыр.
Қазақстанда АИ-92 бензині көрші елдерге қарағанда әлдеқайда арзан. Мысалы, Ресейде оның бағасы шамамен 1,6 есе, Қырғызстанда 2 есеге жуық, ал Өзбекстанда 1,6-2,5 есе қымбат. Сондықтан көрші елдерден жанармайды заңсыз құйып алып кетуге тырысатындардың қатары көп.
Сарапшы Ғалым Құсайынов жыл сайын заңсыз жолмен елден 1 млн тонна жанармай сатылатынын айтып, бензин бағасын еркін нарыққа жіберуді ұсынған.