
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені кезекті рет төмендетті. Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 15,75% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады..
Негізгі мөлшерлемені бірден 50 базистік пунктке азайтуға елдегі инфляция қарқынының баяулауы себеп.
«Жылдық инфляция он екі ай бойы төмендеп, ұстамды қатаң ақша-кредит саясаты мен теңге бағамының қолайлы динамикасы жағдайында 2026 жылғы қыркүйекте 9,3% болды», – делінген банк хабарламасында.
Оған қоса халықтың алдағы бір жылға инфляцияға қатысты болжамы қыркүйекте 11,8%-ға дейін (тамызда 12,1%) төмендеген.
«Жылдық инфляция мен инфляциялық күтулердің үздіксіз баяулауы базалық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік берді. Қабылданған шешім дезинфляция процесін орнықтыру және инфляцияны 2028 жылға қарай 5%-дық нысаналы мақсатқа қайтару үшін қажетті ақша-кредит шарттарының ұстамды қатаң деңгейін сақтап қалады», дейді реттеуші.
Дегенмен баға қысымы әлі де жоғары деңгейде сақталып отыр. Ал сын-қатер теңгерімі проинфляциялық жаққа қарай ауысқан. Жыл соңына қарай реттелетін тарифтер бойынша 2025 жылғы төмен база әсерінен жылдық инфляция біршама жеделдеуі мүмкін.
«Қазіргі тәуекелдер теңгерімін ескерсек, базалық мөлшерлемені 2026 жылдың соңына дейін өзгерту ықтималдығы төмен. Мөлшерлемені одан әрі төмендету мәселесі баға қысымының орнықты бәсеңдеуіне байланысты болады. Бұдан кейінгі шешімдер инфляция динамикасы, инфляциялық күтулер мен тәуекелдер теңгерімінің өзгеруіне қарай қабылданады», – делінген хабарламада.
Бұға дейін Қаржыгерлер қауымдастығының сауалнамасына қатысқан нарық өкілдері бас банк базалық мөлшерлемені төмендетеді деген болжам жасаған.
Бұған дейін Ұлттық банк қыркүйектегі шешімінде инфляциялық тәуекелдер әлі де жоғары екенін атап өткен еді. Олардың қатарында бюджет пен квазибюджеттік шығындардың өсуі, жанармай бағасы, коммуналдық тарифтер және әлемдік азық-түлік пен энергия бағасының қымбаттау қаупі бар.
Ал бас банкир Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлемені одан әрі төмендетуге мүмкіндік аз екенін айтқан.