Елде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынады

Жарияланды 28 Қазан 2026 11:23

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
теңге қор аурухана
Тоқаев өз жолдауында 70 денсаулық сақтау нысаны ашылатынын айтты/ Фото: shutterstock

Қазақстанда Ұлттық қор қаражаты есебінен өңірлерде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар білім беру, спорт және мәдениет салаларындағы 50-ге жуық нысанның құрылысы басталады, деп хабарлайды Kursiv.media.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.

Президенттің айтуынша, қор қаражатын жинақтау мен оны жұмсау арасында теңгерім сақталып, қаржы қоғамға барынша пайдалы жобаларға бағытталуға тиіс. Бөлінген қаражаттың экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы керек. Өйткені мемлекеттік шығындардың басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру.

Сондай-ақ жобаларды жүзеге асыруға қажетті материалдық-техникалық базасы мен тәжірибесі бар жергілікті шағын және орта бизнес өкілдерін тарту ұсынылды. Құрылыс жұмыстары қатаң бақылауда болады.

Жоспарға сәйкес, өңірлерде перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары және ерекше балаларға арналған спорт залдары салынады.

Бұдан бөлек, білім беру, спорт және мәдениет салаларында 50-ге жуық нысанның құрылысы қолға алынады.

Тоқаев қажетті нысандардың құрылысын жедел бастап, оларды қысқа мерзімде пайдалануға беру керегін айтты.

Президент өз жолдауында тәуелсіздік мәселесін де қозғады.

Сондай-ақ оқыңыз