Ыстамбұлда қазақстандық өнімдердің сауда кеңсесі ашылды

Жарияланды 5 Қараша 2026 09:29

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Отандық өнімдердің сауда кеңсесі Ыстамбұлда ашылды/ QazTrade

Ыстамбұл қаласында отандық тауарлардың сауда кеңсесі ресми түрде ашылды. Жаңа кеңсе қазақстандық өндірушілер мен түрік сатып алушылары арасындағы тікелей байланысты нығайтып, отандық өнімдерді Түркия нарығына шығаруға және үшінші елдерге экспорттауға қолдау көрсетеді, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Кеңсенің ашылуы  Ислам ынтымақтастығы ұйымының экономикалық және сауда ынтымақтастығы жөніндегі тұрақты комитетінің (КОМСЕК) 42-сессиясымен тұспа-тұс келді. Іс-шараға сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова қатысты.

«Бүгін түрік серіктестеріміз Қазақстанның қандай өнімдер ұсына алатынын өз көзімен көруі үшін қазақстандық тауарлардың үлгілерін де ала келдік. Біз әсіресе азық-түлік өнімдерінің, өңделген тауарлардың және өзге де дайын өнімдердің Түркия нарығына экспортын кеңейтуге мүдделіміз», – деді Жанель Кушукова.

Серіктестік кеңсенің ашылуы Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Бұған дейін, 28 қазанда Анкарада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған екіжақты сауда мен инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылаған болатын.

Кеңседе түрлі отандық өнім көрсетілген

Екі ел арасындағы сауда айналымы да оң динамика көрсетіп отыр. 2026 жылғы қаңтар–қыркүйек айларының қорытындысы бойынша тауар айналымы 62,1%-ға өсіп, 6,33 млрд АҚШ долларына жетті. Қазақстанның Түркияға экспорты 91%-ға артып, 5,3 млрд долларды құраса, импорт көлемі 1,03 млрд долларға тең болды. Осылайша, Түркия Қазақстанның негізгі сауда серіктестері арасында төртінші орынға шықты.

QazTrade-тің Түркиядағы серіктесі – Yenisan Companies Group. Компания кеңсе мен көрме алаңына арналған орын ұсынып қана қоймай, түрік бизнес өкілдерімен байланыс орнатуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

Серіктестік кеңсе Ыстамбұлдың іскерлік орталықтарының бірі – Аташехир ауданында орналасқан. Мұнда келіссөздер жүргізуге арналған бөлмелер мен қазақстандық өндірушілердің тауарлары қойылған шоурум жұмыс істейді.

Шоурумда отандық өндірушілердің азық-түлік, сусын, кондитерлік өнімдер, киім-кешек және басқа да тауарлары ұсынылған. Ол қазақстандық тауарларды тұрақты түрде таныстыратын сауда алаңы ретінде жұмыс істейді. Түркиялық импорттаушылар мен дистрибьюторлар мұнда өнім үлгілерін көріп, өндірушілер туралы ақпарат алып, олармен тікелей келіссөздер жүргізе алады.

Оқи отырыңыз: Ердоған Қазақстан аспанынан ұшып бара жатып, Тоқаевқа сәлем жолдады

Сондай-ақ оқыңыз