
Павлодар облысындағы «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» 20 жылда Қазақстанға 115 млрд доллар инвестиция тартуы мүмкін. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов деректер орталығының құрылысына жауапты сала басшыларын жинап, жобаны жүзеге асыру барысы туралы кеңес өткізген.
Мәдиевтің айтуынша, «ДӨО алқабы» – қазақстандық экспортқа елеулі серпін бере алатын технологиялық және ірі экономикалық жоба.
«KPMG халықаралық агенттігінің бағалауы бойынша алдағы уақытта жыл сайынғы әлеуетті экспорттық кіріс $3,1 млрд құрауы мүмкін. Одан бөлек, деректер орталықтарының 20 жылға есептелген бүкіл қызмет ету мерзімі ішінде елімізге құйылатын инвестициялардың жиынтық көлемі $115 млрд-қа бағаланып отыр», – деді министр.
Жобаның бірінші кезеңінде жалпы қуаты 304 МВт болатын 3 деректерді өңдеу орталығы құрылады.
«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусиннің айтуынша, қуаты 68 МВт болатын бірінші деректерді өңдеу орталығының құрылыс алаңында нысандардың іргетасын қалау, инфрақұрылым нысандары мен әкімшілік ғимараттар салу жұмыстары басталған.
Бірінші орталықты 2027 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Ал қуаты 164 МВт болатын екінші Firebird AI деректер орталығының іргетасы қаланып жатыр. Кампусты дамыту кезінде есептеу қуаттарын кезең-кезеңімен одан ары арттыру және энергетикалық инфрақұрылым салу көзделген. Жұмыстарды аяқтап, орталықты іске қосу 2027 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған.
Үшінші деректер орталығының қуаттылығы 72 МВт құрайды, Оның құрылысы 2027 жылдың төртінші тоқсанында аяқталады деп жоспарланған.
«ДӨО алқабы» жобасының екінші кезеңін жүзеге асыру үшін Gaw Capital, Boosteroid және Firebird компанияларымен қуаты 480 МВт болатын есептеу қуаттарын орналастыру жөнінде алдын ала келісімдерге қол қойылды. Оны 620 МВт-қа дейін арттыру мүмкіндігі бар. Қуаты 240 МВт болатын қосымша есептеу қуаттарын орналастыру және оны 420 МВт-қа дейін ұлғайту мүмкіндігі бойынша да Aleria, Energy Capital Global және China Energy компанияларымен келіссөздер жүргізілуде. 2029 жылға қарай «Деректерді өңдеу орталықтары алқабының» жалпы қуатын 1 ГВт-қа жеткізу жоспарланып отыр», – делінген хабарламада.
Бұл жоба үшін 1,4 мың гектар жер телімі бөлінген. Инфрақұрылым халықаралық Tier III стандартына сәйкес келеді деп күтілуде, ал энергия тиімділігінің коэффициенті (PUE) 1.25 деңгейінде болмақ.