
Қазақстанда коммерциялық жүк көліктерінің жол ақысын төлеу жүйесін жетілдіру ұсынылды. Атап айтқанда, тарифтерді көлік түріне, экологиялық класына және жолға түсіретін салмағына қарай саралау, сондай-ақ тасымалдаушыларға жылдық абонемент енгізу мәселесі қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Kursiv Media.
Үкіметте премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен автомобиль жолдарындағы ақы төлеу жүйесіне қатысты жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Жиында жол алымдарын жетілдіру және жол инфрақұрылымын күтіп ұстау мен жөндеуді тұрақты қаржыландыру мәселелері талқыланды.
Негізгі назар отандық және шетелдік коммерциялық жүк көліктерінің жол ақысын төлеу тәртібіне аударылды. Бұл ретте ұсыныстар жеке жеңіл автокөлік иелеріне қатысты емес.
«Біз автомобиль жолдарын салғанымызбен, оларды күтіп ұстау және жөндеу шығынын бюджет есебінен жабуды жалғастырудамыз. Жол инфрақұрылымы өзін қамтамасыз ететін жүйені құру қажет», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Сондықтан жол инфрақұрылымын өзін-өзі қаржыландыратын жүйеге көшіру қажет.
Отырыс барысында бірнеше ұсыныс айтылды. Сақтандыру саласындағы тәуелсіз сарапшы Әйгерім Қарабыйыкоглу Қазақстан мен көрші елдердегі ақылы жол тарифтерінің айырмашылығын ескеріп, төлем мөлшерін өңірлік деңгейге жақындатуды ұсынды. Сонымен қатар отандық тасымалдаушылар үшін бөлек тариф белгілеу мүмкіндігін қарастыруды айтты.
Сарапшы шетелдік жүк көліктерін мемлекеттік шекарадан өткен кезде сақтандыру тетігін де енгізуді ұсынды. Оның пікірінше, бұл жол инфрақұрылымына түсетін салмақтың орнын толтыруға және жолдарды күтіп ұстау мен жөндеуге қосымша қаражат тартуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, тарифтерді көліктің экологиялық класына, шығарындылар деңгейіне және жол төсеміне түсіретін салмағына қарай саралау ұсынылды. Мұндай бастаманы мәжіліс депутаты, логистика және көлік саласының сарапшысы Болатбек Нәжіметдинұлы көтерді.
Жұмыс тобы жүк тасымалының ашықтығын арттыру және жол ақысын төлеу талаптарының сақталуын бақылау мәселесін де талқылады. Осы мақсатта жүк көліктерінің қозғалысын, соның ішінде ақылы жол учаскелерінде цифрлық құралдар арқылы бақылауды күшейту ұсынылды.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда бір шақырым жол қанша тұрады (инфографика)