
Қазақстанда 2026 жылдың қаңтар–тамыз айларында шетелге 11,1 млрд дана темекі өнімі экспортталған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп. Ал ішкі нарықтағы сатылым 18,8%-ға азайып, 10,7 млрд данаға дейін төмендеген, деп жазады Kursiv Media.
Соңғы бірнеше жылда алғаш рет қазақстандық темекі өнімдерінің экспорты ішкі нарықтағы сатылым көлемінен асып түсті. Жалпы тұтыну мен экспорт көлемінің құрылымында экспорттың үлесі 50,9%-ды, ішкі нарықтың үлесі 49,1%-ды құрады.
Energyprom.kz мәліметінше, елде темекі өнімдерін өндіру артқан. 2026 жылдың қаңтар–қыркүйегінде елде 22,2 млрд дана темекі мен папирос шығарылған. Бұл былтырғымен салыстырғанда 27,4%-ға көп.
Қазақстандық темекі өнімдерін негізінен Орталық Азия елдері сатып алады. 2026 жылдың сегіз айында Қырғызстанға 2,7 мың тонна, Арменияға 1,1 мың тонна, Моңғолияға 940 тонна, Өзбекстанға 894 тонна өнім жөнелтілген. Ал Ресейге 356 тонна темекі экспорты жасалған.
Жалпы темекі өнімдері мен шикізатын, сондай-ақ темекі өндірісіне қатысты басқа тауарларды экспорттаудан қазақстандық өндірушілер 225,1 млн доллар табыс тапқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Ал тек темекі, сигара мен сигарилла экспортының ақшалай көлемі 164,5 млн долларға жетіп, бір жылда 83,4%-ға өскен.
Сонымен қатар елде темекі бағасы да қымбаттап жатыр. 2026 жылдың қаңтар–қазан айларында темекі өнімдерінің бағасы 12,7%-ға өскен. Соңғы 12 айда ең жоғары қымбаттау ақпанда тіркеліп, бір айда 4,7%-ды, тамызда 3,3%-ды құраған.
Оқи отырыңыз: Халық алкогольдің қандай түрін тұтынуды азайтты