Баяу басталған жыл, үдеген өсім: ЖІӨ он айда 4,5%-ға артты

Жарияланды 10 Қараша 2026 10:06

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
фото: NY

Премьер-министр Олжас Бектенов тамызда ЖІӨ көлемі жылдың қорытындысы бойынша «кемінде 5% өсуі керек» – деп, үкіметке міндет қойған болатын.

Жыл аяқталуына екі айдан аз кем уақыт қалды, дегенмен он айдың қорытындысын қарасақ, 2026 жылғы қаңтар–қазанда ЖІӨ-нің нақты өсімі 4,5%-ға жетті. Бұл тоғыз айдағы нәтижеден 0,3 пайыздық тармаққа жоғары.

Жыл басында баяу болған қарқын кейін біртіндеп күшейді. Қаңтар–наурызда экономика 2,2%-ға өссе, алты айдың қорытындысында көрсеткіш 4,1%-ға жетті. Осы деңгей шілде мен тамызда сақталып, тоғыз айда 4,2%-ға, он айда 4,5%-ға көтерілді.

Өсімнің негізгі тірегі – шикізаттық емес сектор. Алдын ала бағалау бойынша, бұл сектордағы өсім 5,6%-ды құрады. Өнеркәсіп өндірісі жалпы 3,5%-ға ұлғайғанымен, оның ішіндегі өңдеу саласы әлдеқайда жоғары қарқын көрсетті: тоғыз айда 8,6% болған өсім он айда 9,3%-ға жетті.

Өңдеу өнеркәсібін алға тартқан салалардың қатарында машина жасау, фармацевтика және дайын металл бұйымдарын өндіру бар. Машина жасау өндірісі 22,2%-ға, фармацевтика 50,9%-ға, дайын металл бұйымдары 30,4%-ға артты. Химия өнеркәсібінде де өсім жоғары — 21,9%.

Экономиканы сүйреген тағы бір сала – құрылыс. Ондағы жұмыс көлемі 13,1%-ға ұлғайды. Көлік және қоймалау қызметтері 7,5%-ға, сауда 6,2%-ға өсіп, жалпы экономикалық серпінге үлес қосты. Ауыл шаруашылығындағы өсім 5,2%-ды, байланыс саласында 4,9%-ды құрады.

Осылайша, он айдағы өсімнің тірегі өңдеу өндірісі, құрылыс және қызмет көрсету салалары болды. Ал ЖІӨ қарқынының соңғы екі есептік кезеңде үдеуі жыл басындағы баяу өсімнен кейін экономикалық белсенділіктің күшейгенін көрсетеді.

Сондай-ақ оқыңыз