Биыл шаруаларға 1,2 трлн теңге жеңілдетілген несие берілді

Жарияланды 17 Қараша 2026 10:55

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Биылғы 10 айда 1,2 трлн теңге несие берілді/ kursiv.media

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында биыл шаруаларға берілген жеңілдетілген несие көлемін жариялады. 

Министрдің айтуынша, 2025 жылы бюджеттен 153 млрд теңге бөлініп, соның есебінен ауыл шаруашылығы саласына 1 трлн теңге жеңілдетілген несие берілген. Ал биыл бұл көрсеткіш алғаш рет 1,2 трлн теңгеге жетті.

«Бұл шаруашылықтарға қажетті ресурстарды уақытылы сатып алып, дала жұмыстарын оңтайлы агротехникалық мерзімде жүргізуге мүмкіндік береді. Кредиттің қолжетімділігін арттыру үшін қаржыландырудың алты арнасы іске қосылды. Сонымен қатар кепіл мүлкі жеткіліксіз шаруашылықтарға несие беру кезінде кепілдік тетігі қолданылады», – деді Айдарбек Сапаров.

2027 жылғы егіс науқанын қаржыландыру да ерте басталады. Өтінімдер биыл 1 қазаннан бастап қабылданып жатыр.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін ұлғайту үшін кәсіпорындардың айналым қаражатын толықтыруға жеңілдетілген несие беру жалғасып жатыр. Биыл осы бағытта 120,8 млрд теңгеге 227 өтінім қаржыландырылған.

Министр өсімдік шаруашылығындағы нәтижелерге мемлекеттік қолдаудың да ықпалы зор екенін атап өтті. Атап айтқанда, тыңайтқыш енгізу көлемі артып келеді. 2026 жылдың 10 айында шаруалар 2,1 млн тонна тыңайтқыш пайдаланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 400 мың тоннаға көп.

Сұраныстың артуы отандық өндірістің дамуына да әсер еткен. Биыл 10 айда елімізде 936 мың тонна тыңайтқыш өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 896,4 мың тоннадан 4%-ға жоғары.

Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары да жалғасып жатыр. Биылғы 10 айда техника паркінің жаңару деңгейі 7,5%-ды құрады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 8%-ға жеткізу жоспарланған.

Тағы да оқыңыз: Жыл басынан бері өндіріс көлемі 9,3%-ға артқан

Сондай-ақ оқыңыз