
Құрылтай депутаты Бекжан Айтқұлов орта және ірі бизнес субъектілерін тексеру тәртібін қайта қарауды ұсынды.
Депутат мемлекеттік органдардың жұмысын салынған айыппұл мен жүргізілген тексеру санына қарап емес, анықталған заң бұзудың нешеуі жойылғанына қарай бағалауды ұсынады.
Соңғы үш жылда 155 мыңнан астам тексеру жүргізілген
Депутаттың сөзінше, бүгінде кәсіпкерлерді қызмет саласына қарай 20-дан астам мемлекеттік орган тексереді. Соңғы үш жылда 155 899 тексеру жүргізіліп, оның нәтижесінде миллиондаған теңге айыппұл салынған.
Оның пікірінше, бақылаушы органдардың жұмысын тексеру саны мен салынған айыппұл көлеміне қарап бағалау тиімсіз. Өйткені айыппұл салынғанымен, заңбұзушылық жойылмаса, одан мемлекетке де, кәсіпкерге де, қоғамға да пайда жоқ.
«Бақылаудың тиімділігін тек айыппұлдар көлемімен немесе тексеру санымен ғана емес, заңбұзушылықтардың нақты жойылуымен және олардың алдын алу сапасымен өлшеуге көшу керек», – деді депутат.
Депутат үкіметке төрт ұсыныс жолдады
Біріншіден, кәсіпкерлікті тексеру мен мемлекеттік бақылау тәртібін реттейтін заңнамалық актілерді қайта қарап, қажетті өзгерістер енгізу ұсынылды.
Екіншіден, бақылаушы органдардың жұмысын бағалау көрсеткіштерін өзгерту қажет.
Депутаттың айтуынша, негізгі өлшемдер қатарында инспекторлардың нұсқамасы бойынша жойылған заңбұзушылықтар, олардың қайталану деңгейі, өндірістік апаттар мен жарақаттану саны, сондай-ақ қоршаған ортаға келетін зиянның азаюы болуы керек.
Үшіншіден, кәсіпкерлерге мемлекеттік органдарды өз еркімен аудит жүргізуге және кеңес алуға шақыру мүмкіндігін беру ұсынылды. Егер тексеру кезінде кемшіліктер анықталса, бірден айыппұл салмай, оларды жою үшін 3–5 жылға арналған бірлескен жол картасын әзірлеу қажет.
Төртіншіден, өнеркәсіп кәсіпорындарын жаңғыртуға мемлекеттік қолдау көрсету мәселесі көтерілді.
Атап айтқанда, экологиялық жабдықтар мен автоматтандырылған бақылау жүйелерін орнататын кәсіпорындарға жеңілдетілген несие, лизинг және салықтық ынталандыру тетіктерін ұсыну ұсынылды.
Депутат бұл шаралар өндірістік қауіпсіздікті арттыруға, зиянды шығарындыларды азайтуға және жұмысшылардың өмірі мен денсаулығын қорғауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Оқи отырыңыз: Бизнеске арналған лицензиялар мен рұқсаттар автоматты түрде беріле бастады