Қазақстанда жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес саны 205 мыңға азайды

Жарияланды 18 Қараша 2026 13:42

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
фото: NY

Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) дерегінше, 2026 жылғы 1 қарашада елде 1 976 028 шағын және орта кәсіпкерлік (ШОК) субъектісі жұмыс істеген. Бір жыл бұрын олардың саны 2,18 млн болған.

ШОК құрамына дара кәсіпкерлер (ДК), шағын және орта компаниялар, сондай-ақ шаруа және фермер қожалықтары кіреді.

Жұмыс істеп тұрған 1,98 млн ШОК субъектісінің 68%-ы – дара кәсіпкерлер, 20%-ы – шағын компаниялар, 12%-ы – шаруа және фермер қожалықтары.

Дара кәсіпкерлердің азайғаны анық байқалды

Ең көп азайғаны – дара кәсіпкерлер. ҰСБ дерегінше, олардың саны бір жылда 221,6 мыңға немесе 12,3%-ға қысқарған. Бұрын 1,81 млн дара кәсіпкер жұмыс істесе, қазір олардың саны 1,59 млн деп көрсетілген.

Жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалар саны 4,3%-ға өсіп, 452 675-ке жеткен.

ҰСБ бұл өзгерісті жаңа Салық кодексімен байланыстырады. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимі енгізілді. Көптеген дара кәсіпкер осы режимге көшкен. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ШОК статистикасына кірмейтіндіктен, есептен шыққан кәсіпкерлердің бір бөлігі жұмысын басқа мәртебеде жалғастырып жүр.

Бұған дейін вице-премьер Серік Жұманғарин 2026 жылдың тоғыз айында Қазақстанда 356 мың дара кәсіпкер жұмысын тоқтатқанын, ал жаңадан 242,3 мың дара кәсіпкер тіркелгенін айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз