
Қазақтелекомның 2026 жылғы қаңтар–қыркүйектегі түсімі бір жылда 4,1%-ға өсіп, 444,01 млрд теңгеге жетті. Бірақ таза табысы 88,7%-ға төмендеп, 17,42 млрд теңге болды. Былтырғы нәтижені Tele2 мен Altel операторын сатудан түскен біржолғы пайда көтерсе, биыл қарыз бойынша пайыздық шығын көбейді.
ылтырғы табысты Tele2 мен Altel сатылымы көтерді
Қазақтелеком 2025 жылғы 14 қаңтарда Tele2 және Altel брендтерімен жұмыс істеген «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясындағы 100% үлесін сатуды аяқтады. Қазақтелекомның былтырғы тоғыз айлық есебіне сәйкес, осы мәміледен салықты шегергеннен кейін 101,61 млрд теңге пайда түсті.
Биыл тоғыз айда операциялық пайда 18,5%-ға төмендеп, 63,99 млрд теңге болды. Қаржылық шығындар 32,1%-ға өсіп, 47,59 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде қарыз бойынша пайыздық шығын 20,2%-ға өсіп, 35,95 млрд теңгені, жалдау бойынша пайыздық шығын 79,6%-ға өсіп, 8,66 млрд теңгені құрады. Қаржылық кіріс 20,46 млрд теңгеден 13,30 млрд теңгеге азайды. Былтыр бағам айырмасынан 2,23 млрд теңге кіріс түссе, биыл осы бап бойынша 7,67 млрд теңге шығын тіркелді.
Үшінші тоқсанда таза табыс екі еседен астам азайды
Шілде–қыркүйекте түсім былтырғы үшінші тоқсанмен салыстырғанда 3,5%-ға өсіп, 153,44 млрд теңгеге жетті. Операциялық пайда 31,1%-ға төмендеп, 22,01 млрд теңге болды. Таза табыс 52,3%-ға азайып, 10,89 млрд теңгені құрады. Бір акцияға шаққандағы базалық пайда 1 708,79 теңгеден 618,71 теңгеге түсті.
Күрделі шығындар өсті, ақша қоры азайды
Тоғыз айда негізгі құралдар мен материалдық емес активтерді сатып алуға жұмсалған қаражат 59,9%-ға өсіп, 228,80 млрд теңгеге жетті. 30 қыркүйекте топтың ақша қаражаты мен оның баламалары 20,23 млрд теңгені құрады. Бұл жыл басындағыдан 72,3%-ға аз. Осы аралықта қарыз көлемі 22,1%-ға өсіп, 407,89 млрд теңгеге жетті.
KASE дерегіне сәйкес, 1 қазанда «Самұрық-Қазынаға» Қазақтелекомның 9,77 млн жай акциясы тиесілі болды. Бұл барлық орналастырылған акцияның 80,52%-ына тең. Биржа қордың орналастырылған жай акциялар бойынша үлесін 91,27% деп көрсетті.