Қазақстан «Қазатомөнеркәсіптің» жеті жылдық өндірісіне тең уран қорын қалай жинайды

Жарияланды 24 Қараша 2026 13:04

Жанболат Мамышев

Жанболат Мамышев

Business News бөлімінің жетекші журналисі zh.mamyshev@kursiv.media
Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
коллаж: shutterstock, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда атом саласының қажеттілігі үшін уранның стратегиялық қорын құруды тапсырған болатын. Осы ретте Атом энергиясы агенттігі «Курсивке» өндіруші компаниялар мемлекеттік резервке уранды тиісті келісімшарттар аясында жеткізетінін хабарлады. Дегенмен бұл жалғыз бағыт емес.

«Резерв тек физикалық тұрғыда жинақталған уранмен шектелмейді, ол жер қойнауындағы қордан бастап дайын ядролық отынға дейінгі бүкіл тізбек бойынша жасақталады. Атап айтқанда, ұзақ мерзімді болашақта уранның бір бөлігі жер қойнауында сақталады. Сонымен қатар табиғи уранның физикалық қорын және оны жеткізу жөніндегі келісімшарттық міндеттемелерді қамтамасыз ету көзделген, ал қысқа мерзімді қажеттіліктерді жабу үшін төмен байытылған уран мен дайын ядролық отынның қолжетімділігі ескеріледі», — делінген «Курсивтің» сауалына берілген жауапта.

Мұндай тәсілдің мақсаты – уранды әртүрлі кезеңде резервтеу арқылы Қазақстан АЭС-терін ұзақ мерзімді кезеңде шикізат және отынмен тұрақты қамтамасыз ету.

Әзірге стратегиялық қор форматы мен тетігі бекітілмегендіктен, агенттік бағасы, қаржыландыру көздері және уран жеткізу бойынша ықтимал міндеттемелер жөнінде түсініктеме бермей отыр.

Өндірушілер уранды әлемдік баға: споттық немесе ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша экспорттайды. Ал Қазақстанда ілеспе шығындардың аздығына байланысты баға төмендеу болуы мүмкін.

Атом энергиясы агенттігінің дерегінше, Қазақстан болашақ АЭС-тер үшін 2040 жылға қарай 100 мың тонна, ал 2050 жылға қарай 150 мың тонна уран қорын жасақтау жоспарлап отыр.

«Қазіргі уақытта стратегиялық резервті құрудың тұжырымдамалық тәсілдері, оның ішінде форматы, іске асыру тетігі, ауқымы, қалыптастыру көздері және пайдалану сценарийлері пысықталуда», — деп атап өтілген жауапта.

Қолданыстағы өндіру келісімшарттарына сәйкес жер қойнауын пайдаланушылар уран өндірудің жылдық көлемін келісімшарт міндеттемелерінің ±20% шегінде сақтауға тиіс. Бұл көрсеткіштен асып кетсе, келісімшартты бұзу саналып, келісімшартты кері қайтарып алуға әкеліп соғуы мүмкін.

Компаниялардың сатып алушылармен бұрыннан жасалған ұзақ/қысқа мерзімді уран жеткізу келісімшарттары бар екенін ескерсек, жаңа келісімшарттар жаңа кен орындары бойынша жасалуы немесе ескі келісімшарттарды ұзарту аясында не болмаса қолданыстағы келісімшарттарға толықтырулар енгізу арқылы рәсімделуі мүмкін.

150 мың тонна – бұл «Қазатомөнеркәсіптің» шамамен жеті жылда өндіретін уран көлемі. яғни айтарлықтай қомақты меже.

Бұған дейін Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев кейбір уран кен орындары уақытша игерілмейтінін айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз