
2026 жылғы 24 қарашадан бастап Қазақстанда шетелдік интернет-компанияларға жасалатын төлемдер мен ақша аударымдарын бақылау күшейді.
Енді отандық банктер мен төлем ұйымдары елімізде онлайн-алаңдар арқылы табыс табатын әрбір шетелдік компанияның бизнес-сәйкестендіру нөмірін (БСН) арнайы есепте міндетті түрде көрсетеді.
Бұл жаңашылдық Қаржы министрінің бұйрығымен енгізіліп отыр. Есептік құжатқа шетелдік компанияның БСН-ін тіркейтін жаңа баған қосылды.
Барлық дерек Мемлекеттік кірістер комитетіне «Smart Data Finance» цифрлық жүйесі арқылы жолданады.
Банктер мен төлем ұйымдары жаңартылған талап бойынша алғашқы есепті 2026 жылдың төртінші тоқсаны үшін 2027 жылғы 15 ақпанға дейін тапсырады.
Бұл қадам шетелдік цифрлық алпауыттармен арадағы қаржы айналымын ашық етіп, салықтық бақылауды толық автоматтандыруға арналған.
Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік интернет-платформалар салық міндеттемелерін орындауға тиіс. Осы талап аясында Pinduoduo мен Claude сервисін әзірлеуші Anthropic компаниясы Қазақстан бюджетіне жалпы сомасы 8 млрд теңге аударды.