Самара-Шымкент автожолында 4 ақпаннан бастап қардан тазарту бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ҚазАвтоЖол хабарлады.
Ақпаратқа сүйенсек, жолшылар тәулік бойы қар тазалауда. Дегенмен жұмыс жылдамдығына ауа райынан басқа да әсер ететін факторлар бар. Бұл – жолда қалған көліктер.
«Жолшылар 200-ден астам көлікті алып шыққанымен, боранның алғашқы күндерінде ірі габаритті жүк көліктерін жолда екі қатармен қалдырып кеткен жүргізушілер бар. Сол себептен арнайы техниканың қозғалысы қиындауда. Әр жүк көлікті қардан шығаруға кемі 40 минуттай уақыт жұмсалып, жұмысты жылдамдату үшін бульдозерлер қолданылуда», – делінген хабарламада.
Қазіргі таңда көрші облыстардан қосымша техника жеткізіліп, Ақтөбе- Хромтау учаскесінде 28 жол техникасы жұмылдырылған.