Қытай әлемді күтпеген трансформацияларымен әлі де таңғалдыруда. Кеше ғана тұрмыстық техника өндірушісі ретінде белгілі болған компания бүгін автомобиль нарығына қадам басты. Бұл жолы сөз роботты және тік пішінді шаңсорғыштарымен танымал Dreame Technology жайлы болып отыр. Компания өзінің алғашқы электрокарын ресми түрде таныстырды.
Шаңсорғыштан автомобильге дейін: қытайлық корпорациялар логикасы
Қытайда тұрмыстық немесе цифрлық техника шығаратын брендтердің автомобиль саласына өтуі қазір таңғаларлық жайт емес. Бұған дейін смартфондарымен танымал Xiaomi 2024 жылы өзінің алғашқы SU7 электрокарын таныстырған болатын. Енді бұл бағытқа Dreame де қосылды.
Мұның себебі түсінікті: тұрмыстық техника нарығында қатаң бәсеке бар, ал электромобильдер – болашақтың стратегиялық бағыты.