Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп авиабилеттерге баға белгілеу мәселесін шешуді және танымал туристік бағыттарға пойыздар санын көбейтуді тапсырды. Сонымен қатар туристік саланы дамытуға ден қоймай келген өңір әкімдеріне де шүйлікті.
Үкімет басшысы еліміздің туристік саласына тартылған инвестиция көлемі айтарлықтай арта түскені мәлімдеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 53%-ға өскен. Десе де, кейбір өңірлерде инвестиция тарту деңгейі, керісінше, төмендеп кеткен.
«Олардың қатарында Атырау, Қарағанды, Жетісу, Павлодар, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарын атап өтуге болады. Бұл өңірлерде тарихи-мәдени мұраларға бай әрі көрікті жерлер де көп. Демек әкімдіктерде бұл бағыттағы жұмысқа тиісті ықылас жоқ деген сөз. Мемлекет басшысы инфрақұрылымды...