2022 жылы тұрғын үй бағасы қандай болады?

Былтыр зейнетақы жинағының бөлігін тұрғын үй алуға жұмсауға мүмкіндік берілгеннен кейін сұраныс көбейді. Тұрғын үй құрылысына деген сұраныс екі жарым есе артты.
Тәуелсіз сарапшы

2021 жылы ипотека және зейнетақы қаржысының басым бөлігі қайталама нарықтағы тұрғын үйді сатып алуға бағытталды. Қайталама нарықта айналым бар, мысалы, жеке тұлға екінші нарықтағы пәтерін ипотека немесе зейнетақы жинағы арқылы алып жатқан адамға сатады да, артынша жаңа пәтер іздеуге кіріседі. Осылайша тұрғын үйге деген сұраныс сақталады.

2022 жылы да сұраныс көп болады. Былтыр «Отбасы банк» 1 триллион теңгеге ипотека берді. Биыл «Баспана хит» секілді бағдарламалар жабылғанымен, сұраныс азаймайды, банк тағы да 1 триллион ипотека береді.

Сәуірге дейін зейнетақы қорының бір бөлігін пайдалануға болатын жеткілікті шек нормасы сақталады. Бұл да сұранысқа әсер етеді. Сұраныс бар жерде баға арзандамайды.
Енді ұсынысқа келейік. Тұрғын үй көлемі жаңа құрылыс есебінен ұлғаяды. 2021 жылдың 11 айында жаңа тұрғын үй салу 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,7%- ғана өсті. Бұл жаңа тұрғын үй нарығында 2021 жылмен салыстырғанда ұсыныс көп болмайтынын білдіреді. 2022 жылы жаңа салынған тұрғын үй қатары айтарлықтай артпайды, 10%-дан аспауы мүмкін. Демек, сұраныс көп болғанымен ұсыныс көбеймейді.

Бағаға әсер ететін тағы бір фактор – инфляция. Құрылыс заттарының қымбаттауынан тұрғын үй бағасы да қымбаттайды. Оған пандемиямен қатар басталған инфляцияның өсуі де әсер етіп отыр. Егер құрылыс материалдары, қызмет көрсету құны және өзге де тауарлардың бағасы арзандаса, тұрғын үй бағасы төмендеуі мүмкін еді.
Биыл және келер жылы да орташа айлық атаулы жалақы өседі. Тұрғын үй нысандарының құны орташа айлық атаулы жалақының өсуі арқылы түзіледі. Жыл сайын тұрғын үй бағасы 3-4%-ке өседі десек, оған дәл осы жалақы мөлшері әсер етіп отыр. Ал орташа айлық атаулы жалақы жалпы инфляцияға әсер етеді.

Менің болжамым бойынша, 2022 жылы баспана бағасы 5-8%-ке қымбаттайды.

Қай бағдарлама тиімді?

Отбасы банктің 2022 жылға жоспары бойынша әкімдіктермен бірлесіп, моноқалалардың тұрғындары үшін ипотекалық бағдарлама әзірлейді. Отбасы банктің негізінде тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылады. Сол жерге әкімдіктің баспана кезегі тапсырылады. 2022 жылы тоқтатылатын 7-20-25 тұрғын үй бағдарламасы бойынша барлық адам ипотека рәсімдей алады.
Қайсы тиімдірек екенін айтар болсақ, егер азаматтың барлық құжаты «Шаңырақ» бағдарламасына сай келсе, сол бағдарламаны қолданғаны дұрыс. Дәл сол сияқты, азамат үйге кезекте тұрмаған болса, 7-20-25 бағдарламасын қолданғаны дұрыс.

2022 жылдағы үлкен мәселенің бірі – бастапқы жарнасы 20-30% болатын жаппай ипотекалық бағдарламаның болмауы. Осындай талабы бар «Баспана хит» бағдарламасы жабылды. Әрине, үйге кезекте тұрған адамға «Отбасы банк» арқылы алу тиімді, алайда ешқандай санатқа жатпайтындар үшін 7-20-25 бағдарламасын қолданып қалу қажет.