Биыл бидай арзандауы мүмкін

Ресей шекараны ашса, баға құлдырайды

Ресейдің үкіметі 30 маусымға дейін Еуразиялық экономикалық қоғамдастық елдеріне астық экспортына уақытша тыйым салды, егер олар бұл шектеулерді ұзартпаса және шілдеден бастап ресейлік бидайды сатып ала алсақ, онда қазақстандық нарықта баға төмендейді.

15 наурызға дейін ресейлік бидайды сатып алу мүмкіндігі болды, ол кезде ішкі нарықтағы баға тоннасына 120 мың теңге еді, ал қазір ол Ресейдің шекараны жапқанына байланысты 150 мың теңгеге дейін өсті. Егер Ресей шекарасын ашса, онда баға қайтадан түседі.

Сонымен қатар Ресей биыл бидай үлкен өнім береді деп күтіп отыр, шамамен 80 миллионнан астам өнім алу жоспарланған. Оған рекордтық көлемдегі қалдық өнімді қосу керек. Сонда биыл Ресейде 90-100 миллион тонна бидай болады. Ал бұған дейін 80 миллион тонна өнімнің өзі рекорд саналды. Соған байланысты Қазақстан нарығында баға төмендейді – шамамен тоннасына 120 мың теңгеге дейін түседі, тіпті одан да төмендеуі мүмкін. Егер бір рубльге шаққанда теңге бағамы бес теңге болса, онда бұл баға тіпті 100 мың теңгеге дейін арзандайды.

Қарашадан наурызға дейін қазақстандық фермерлердің өнімі аса көп сатылмады, негізінен экспортқа шықты. Себебі ресейлік бидайды ресми түрде қайта экспорттау мүмкін емес еді. Ішкі өңдеушілер, ұн тартушылар, мал шаруашылығымен айналысушылар негізінен ресейлік бидайды пайдаланды. Ал 15 наурыздан бастап баға күрт көтеріліп, қазақстандық бидайға сұраныс күрт өсті.

Сыртқы сауда саясаты және Халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия 2022 жылдың 15 сәуір мен 15 маусым аралығында бидай мен ұнның экспортын квоталауды енгізу туралы шешім қабылдады. Бидай квотасының көлемі – 1 миллион тонна, ұнға – 300 мың тонна. Бұл шешімнен кейін нарықта біраз дүрбелең болды.

1 сәуірден 15 сәуірге дейін трейдерлер, экспорттаушылар белсенділік танытып, вагондарға сұраныс артты. Қазір дүрбелең аздап басылып, астықтың бағасы сәл төмендеді. 15 наурызға дейін баға тоннасына 120-122 мың теңге болды, сәуірдің басында ол 160 мың теңгеге көтерілсе, қазір ол 145-150 мың теңге шамасында тұр. Менің ойымша, баға Ресей экспортқа шектеулерді алғанша осы күйінде қалады.

Өндірістің өзіндік құны өсті

2022 жылы өндірістің өзіндік құны өсті. Мысалы, бір шаруашылықта өзіндік құн 2021 жылмен салыстырғанда 46%-ға өсті. Тиісінше, 2023 жылы тұқым қымбатырақ болады. Жағдайға сараптама жүргізер болсақ, барлық энергия тасымалдаушының құны өсті, әсіресе газ бағасы қымбаттады. Бізде әлем бойынша логистикалық тізбектер үзілген, оның ішінде Қазақстан қазір Ресей арқылы өтетін логистикаға байланысты мәселелерден қатты зардап шегіп отыр.

Одан бөлек 2022 жылы техника, тыңайтқыш, тұқым қымбаттады. Бұл келер жылға сөзсіз әсер етеді. Қазір біздің тараптың жасап отырған болжамы осындай. Себебі бізде басым бөлігі – импортталған тұқымдар, олар Ресейден, Еуропадан әкелінеді.

Ал Қазақстан бидайын экспорттауға толық тоқтатуға негіз жоқ, себебі Қазақстанда ішкі сұранысты қанағаттандыратындай бидай бар.

Қатысты материалдар