Елдегі мұнай өңдеу зауыттарының уақытша жабылуында саяси мүдде де жатуы мүмкін 

Жақында Қазақстан билігі Ресейден  850 мың тоннаға дейін дизель отынын импорттау туралы келісім жасасты. Бұл туралы   ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлім етті.

 «Егер жанармай жеткіліксіз болса, импорттаймыз. Негізінде, біз резервтерді жинадық, биылғы маусымды сәтті өткіземіз деп үміттенеміз. Бізде В жоспары бар – бұл импорт. Біз Ресей Федерациясымен биылғы жылы 850 мың тоннаға дейін дизельдік отын жеткізуге келістік», – деді ол.

Оның айтуынша, қажет болған жағдайда Қазақстан бұл көлемді пайдалана алады.

  Бұл жерде бірінші айта кететін нәрсе жауапты мамандар елдегі үш мұнай өңдеу зауытының кезекпе-кезек жоспарлы жөндеуге жабылатыны. Оның алғашқысы болып жақында Павлодар мұнай өңдеу және химия зауыты орын алған техникалық ақауға байланысты деген желеумен дизель отынын шығаруды уақытша тоқтатқанын білеміз. Елдегі үш зауыттың жоспарлы жөндеуге жабылуы ішкі нарықтағы мұнай өнімдеріне деген сұранысты арттыратыны белгілі. Оның арты ел ішіндегі дәл осы өнімге деген тапшылыққа соқтыратыны айтпаса да түсінікті. Бұндай жағдайда тек сырттан импорттау арқылы ғана тығырықтан шыға аламыз. 

Ал, министр Болат Ақшолақовтың  «Егер жанармай жеткіліксіз болса, импорттаймыз»,-деген сөзіне келер болсақ, жоғарыдағы айтқандай зауыттар уақытша жұмысын тоқтатар болса қалай болғанда да импортқа жүгінетініміз қазірден-ақ белгілі.   

 Министр айтып тұрғандай бұл ешқандай да В жоспары емес, аталған көлемдегі өнімді сатып алтанымыз анық деп санаймын.  Өзі айтып тұрғандай Ресей Федерациясынан  биылғы жылы 850 мың тоннаға дейін дизельдік отын алуға келісіп қойған болса, яғни оны аламыз деген сөз.

 Мұның астарында тек экономикалық емес саяси мүдде де жатыр деп қарауға болатын сияқты. Себебі, өздеріңіз білесіздер Ресей мен Украина арасындағы жағдайға қатысты 5- ақпаннан бастап  ЕуроОдақ пен Ұлыбритания  елдері Ресейден мұнай өнімдерін импорттауға щектеу қойды. Дәл осы мерзімде біздегі мұнай өңдеу зауыттарының бірінен кейін бірі жөндеуге жабыламыз дей қалуын жәй ғана бір сәйкестік деп қарауға келмейтін секілді Бүгінгі таңда бұрынғы тұтынушыларынан айырылған көршімізге өнімін шығаратын нарық керек. Бұл жерде бізден басқа олар үшін тиімді нарық алаңы жоқ. Сондықтан Ресей Қазақстанды өз өнімдерін тұтынушы бірден-бір ел деп қарап отырғанын аңғару қиын емес.

Қорыта келгенде Ресейдегі қазіргі қиын жағдай кезінде біз олардың мұнай өнімдерін сатып алуға мәжбүр болып отырғандай жағдайдамыз. Нақтылап айтар болсам елдегі үш бірдей зауыттың толыққанды жұмыс істемей отыруының өзі ресейлік мұнай өнімдеріне деген біздің сұранысты қолдан қанағаттандыру деп қарауға болатын сияқты. 

Алдағы уақытта өзіміздегі үш зауытты толыққанды жыл он екі ай жұмыс істеп тұруын жолға қоюымыз керек. Олай болмаған жағдайда біз алдағы уақытта да ресейлік немесе басқа да елдердің дизельдік отындарына тәуелді елдердің қатарында қалып қоя беретін боламыз.