Кодексте әлеуметтік қаржыландыруға ақша қайдан келетіні түсініксіз

DAMU Capital Management компаниясының бас директоры

Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  ҚР Әлеуметтік кодексіне қол қойды. 

Аталған кодексте қазақстандықтарды әлеуметтік қолдаудың жеті негізгі бағыты, оның ішінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және зейнетақымен қамсыздандыру шаралары көрсетілген.  Аталған құқықтық құжат 2024 жылдың 1-қаңтарына бастап күшіне енеді

  Әлеуметтік кодексті қабылдау құптарлық қадам деп ойлауға болады. Әрине, бағдарламада бәрі әдемі, дұрыс жазылған. Оқысаң, болашақта еліміз қандай керемет болады деп мәз-мейрам болуың  әбден мүмкін. Алайда, мұндай бағдарламалар мен кодекстердің біз 30 жыл ішінде талайын көрдік. Шыны керек, стратегия мен бағдарламаларды жазуда әлемнің озық елдері қатарында шығармыз. Бұндағы басты мәселе – ұсынылған өзгерістерді жүзеге асыру. Себебі жазу оңай, іске асыру  қиын. Ең алаңдататын жайт – қазіргі әлеуметтік кодексті жазған адамдар – сол бұрынғы бағдарламаларды жазған адамдар. Яғни, олар бір жаңа идеяның орнына уақыт өте басқа идеяны ұсынса, алдындағысы ұмытылатынын өз басынан өткерген шенеуніктер. Сондайға үйренген мемлекеттік қызметкерлер бүгін басқа адам кейпінде оянып, басқаша жұмыс істейтініне сену қиын.
Сондықтан мемлекеттік аппараттың алдындағы басты мәселе – бағдарламаны жазу емес, оны жүзеге асыру, сол үшін мойнына жауапкершілік алу, қолынан келмесе отставка кетуге жетерлік бойыңда батылдықтың болуы. Ондай көшбасшылар мемлекеттік аппаратта көрінбейді.

Кодексте жақсы мәселелер көтерілген және әлеуметтік ең аз қорғалған қоғам бөліктері қамтылған. Бір үміт артатын нәрсе – кодекс қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсету ғана емес, сол қиын жағдайды алдын алатын, проактивті тұрғыда көмек көрсетуге бағытталған екен. Кең өріс алып жатқан цифрландыруды қолданып, азаматтар мемлекеттен сұрамай-ақ көмек берілетін жүйе жасалғалы жатыр. Ал күмән тудыратын нәрсе – кодексте халыққа әлеуметтік көмек беру қалай қаржыландырылатыны толық ашылмаған. Себебі қазірдің өзінде мемлекеттік бюджетіміздің тең жартысы әлеуметтік шығындарға кетіп жатыр. Егер халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсаты қойылса, онда бұл салаға кететін шығындарды едәуір арттыру керек. Ал біздің бюджет қазірдің өзінде дефицитпен жоспарланған, яғни шығындар кірістерден жоғары. Сонымен қатар, бюджеттің 30-40 пайызы Ұлттық қордан алынып жатқан трансферттерден тұрады. Ал президент Тоқаев Ұлттық қордың ақшасын үнемдеуге, еліміздің алтын-валюта қорларын 100 миллиард АҚШ долларына жеткізуді тапсырды. Сонда бір жағынан шығынды арттыру керек, басқа жағынан Ұлттық қордан ақша алуды азайту керек болады.   Демек, әлеуметтік даму мен қорғауды қаржыландыруға ақша қайдан келетіні түсініксіз.

  Тағы бір мәселе  Әлеуметтік кодексте қамтылған сұрақтар бұрын 9 түрлі заңда жазылған.  Осы жердегі  түрлі мәселелер сол заңдарда ескерілген. Енді осы заңдар біріктіріліп, ескі заңдар жойылып, бір ғана әлеуметтік кодекске жинақталып отыр. Яғни, мемлекеттік аппарат үшін де, азаматтар үшін де заңнама оңтайландырылып, түсінуге жеңілірек болады деген сөз. Екінші мәселе, бұрын халықты әлеуметтік қорғау – тек мемлекеттің міндеті мен жауапкершілігі ретінде қарастырылатын. Енді әлеуметтік мәселелер – мемлекеттің, жұмыс берушілердің, және жұмысшылардың өзінің міндеті деп белгіленеді. Яғни, әлеуметтік мәселе туындағанда тек мемлекетке қана қол созып жүгіну жеткіліксіз болады. Сол арқылы мемлекет өз мойнынан ауыртпалықтың бір бөлігін түсіргісі келеді. Алайда, біздің елде әлі Кеңес Одағы кезінен қалыптасқан әдет бар – барлық проблемаларға билік жауапты және сол биліктен оны шешуді талап ету.

Өкінішке орай, біздің бизнес те, азаматтар да өз жағдайы үшін жауапкершілікті өздеріне алуға дайын екенгіне күмәнім бар. Бұл жағдайды өзгерту тек кодекс пен бағдарламаларды қабылдау арқылы жүзеге аса қоймайды.

 Бұрын, «ескі Қазақстанда» билік пен халық арасында бейресми келісім болды – халық саясатқа араласпайды және билікке сұрақ қоймайды, ал билік сол үшін халыққа көп тиіспейді және оның күнкөрісіне кедергі жасамайды. Бұл келісім қанды Қаңтар кезінде жойылды. Енді халық өзінің  билікке талап қоюға күші де, рухы да жететінін көрді. Яғни, билікке жаңа қоғамдық келісім ұсыну керек – мемлекет халыққа жағдай жасауға тырысады, бірақ халық та, кәсіпкерлер де оған ат салысып, үлесін қосу керек. Билік пен халық арасында өзара сенімді қайта құру керек. Қаңтар оқиғасынан кейін халық билікке тағы бір мүмкіндік берді. Соны билік түсініп, тез арада қимылдап, нақты нәтиже көрсетуі қажет.  

Кодексті жазу – ол тек алғашқы қадам, бағдарды айқындау.  Енді тез арада нақты жұмысқа кірісіп, нақты нәтиже көрсету керек.