Көлеңкелі экономикамен күрес: Үкіметтің жоспары қағаз жүзінде қалмай ма?

Қаржыгер - сарапшы

Өткен аптада ел Үкіметі Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралардың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекітті. Бекітілген кешенді жоспар салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіруге, тиімді бәсекелестік пен бюджетті бөлуге, халықты заңсыз бизнестен қорғауға және т.б. бағытталған жүйелі шараларды жүзеге асыруды көздейді.

Жалпы, Үкіметтің осы жоспарда көлеңкелі эконмиканың елдегі үлесіне қатысты келтірген мәліметтерінің қаншалықты рас екеніне көз жеткізіп алу керек сияқты. Өйткені статистикалық мәлімет бойынша 19,75 пайыз болып тұр. Есеп комитеті бұл көрсеткіш алдағы уақытта 30 пайызға дейін жетеді деген дерек келтіріп отыр. Себебі, ковидтен кейін экономикалық белсенділік артып келе жатыр. Бұл сәйкесінше көлеңкелі экономиканың да өсуіне әкеледі деген болжам бар. Тіпті, Ұлттық банк тарапынан да елдегі  көлеңкелі экономиканың үлесі 25-30 пайыз деген мәлімет беріліп жүр. Халықаралық сарапшылар Қазақстандағы экономиканың осы түрі 38 пайыз деген дерек айтқан болатын. Сондықтан, Үкімет айтып отырған 6,7 пайыз деген цифр күмән тудырады.

 Енді бекітілген жоба арқасында шын мәнінде төмендетуге бола ма деген сауалға келер болсақ; Меніңше, әрине болады. Бізде оның негізігі алғы шарттары жасалып та жатыр. Мәселен, кейінгі кезде сауда орындарындағы Post терминалдардың көбеюі, тұрғындар арасында QR арқалы төлем жасау үлесінің өсуі, тіпті жақында қолға алынған аударымдар арқылы төлем жасауды шектеу шараларынан осы қадамды байқап отырмыз. 

 Үкімет қабылдаған кешенді жоспарда тағы бір айтылған маңызды мәселе кедендік тексерулерді оңтайландыру туралы. Әрине, жасыратын жоқ кейінгі кезде жемқорлық жайлаған саланың бір осы кедендік қызмет. Ресми мәліметке сүйенсек, 2021 жылы кеден саласындағы көлеңкелі экономиканың үлесі 11,38 пайыз болса, кеше үкімет бекіткен жоспарда 11,1 пайыз деп отыр. Бұл жерден соңғы екі жылда айтарлықтай өзгеріс жоқтың қасы екенін көріп отырмыз. Бұл Үкіметтің осының алдындағы аталған бағыттағы 2021-2023 жылдарға арналған жоспары толық атқарылмағанын көрсетеді. Сонымен қатар осы бектілген 2023-2025 жоспары мен алдыңғы 2021-2023 жоспарын салыстырып қарайтын болсақ, кейбір тармақтар сол күйі қайталанып тұр. Тек орындалу мерзімдері ғана ұзартылған. Алайда жаңа тармақтар да бар екенін айта кетуіміз керек. Мәселен, өзге мемлекеттермен ақпарат алмасу секілді ұтымды құптарлық тұстары бар. Егер, бекітіліген  жоспардағыдай орындалар болса, әрине кедендік саладағы көлеңкелі экономиканы төмендетуге мүмкіндік бар.

Аталған жоспарда қамтылған тағы бір мәселе елдегі бейресми жұмыс орындарын азайту. Бұл жерде біріншіден адамдардың өздері жұмыс берушіге «менің салықтық өзге де әлеуметтік төлемдерін заңды жүріп тұруы керек»,- деген құқықтық талап қоя алуы керек. Сол кезде бұл мәселе өз-өзінен шешіледі. Бірақ, қазіргі уақытта шағын және орта бизнеске қатысты  тексерулерге 2024 жылға дейін мараторий жарияланған болатын. Меніңше мараторий мерзімі біткен соң, тексерулер күшейсе, оның да бұл мәселені шешуге септігі тиеді.  Бұл мәселені шешудің тағы бір жолы Үкімет елге ірі бизнес инвестиция тартуды жолға қою қажет. Бұл жағынан біз көрші елдермен салыстырғанда артта келе жатырмыз. Мәселен, Өзбекстанның өзі бізден біршама алға озып кеткенін көріп отырмыз. Сондықтан, шетелдік ірі кәсіпорындарды елге жүйелі түрде тарта алсақ, нәтижесінде тұрақты жұмыс орындары көбейеді. Екіншіден олар жұмысшыларына жалақыны біздің салықтық, әлеуметтік заңдардың аясында төлейтін болады. 

 Осы орайда, қабылданған кешенді жоспар тағы да созбалақтанып арты қағаз жүзінде қалып кете ме?,- деген сауал туындайтыны рас. Мәселен, 2021-2023 деген жоспары толық аяқталмай жатып, күшін жойып 2023-2025 деген жаңа атауға ие болып отыр. Үкімет алдымен осы алдыңғы үш жылдық жоспардың атқарылуы туралы қорытынды есеп беру і керек еді. Бірақ, мен өз басым ақпарат көздерінен ондай есепті кездестіре алмадым. Сондықтан, бұл сұраққа нақты жауап беру қиын.