Қолда бар қаражаттың 80 процентін АҚШ долларында сақтаған жөн

Бос қаражат құнын жоғалтпас үшін белгіленген пропорцияда сақтау керек

Қолда бар бос қаражат құнын жоғалтпас үшін белгіленген пропорцияда сақтау керек. Бұған дейін қаражатты 100% деп алып, оны үшке бөліп сақтауға кеңес бердік: 33,3% – теңгемен, 33,3% – АҚШ долларымен, 33,3% – еуромен. Қазір елімізде ұлттық валюта құны төмендеп, девальвация толқыны болып жатыр. Мұндай жағдайда қаншалықты патриот болып, ұлттық валютаның өтімділігін қолдасақ та, ешкімнің шығынға батқысы келмейтіні белгілі. Сол үшін қолда бар қаражаттың 80%-ін АҚШ долларында, 20%-ін теңгеде сақтаған дұрыс. Қазір еуро бағамы тұрақты деп айтуға келмейді.

Жалпы долларда тұрған қаражатты ұзақ мерзімге сақтауға болады. Екінші деңгейлі банктердің долларда ашылған депозикте үлкен процент бермейтіні белгілі, бірақ девальвация кезінде шығыннан сақтайтын жалғыз жол – қаражатты долларда сақтау.

Қазір теңгелей ашылған депозитті долларлық депозитке ауыстырып қойған дұрыс. Девальвация кезінде теңге бағамы долларға шаққанда бір-ақ күнде бірден 40% не 30%-ке құлдырап кетуі мүмкін. Көпшілік теңгелік депозитін долларлық депозитке ауыстырғанына байланысты Ұлттық банк интервенция жасап, теңгенің дәрежесін көтеріп жатыр. Бірақ әртүрлі факторлар: импортқа тәуелділік, мұнайдың тасымалданбай жатқаны болашақта теңге құнының түсетінін айғақтайтын дүние.

Қаражатты сақтаудың екінші жолы – 50/50. Қаражаттың жартысына алтын алуға болады, қазір алтын бағасы қымбаттап жатыр, сұранысқа ие. Алайда құнды бұйымды алудың тәуекелдері де бар. Егер алтынды ресми түрде сата алмайтын болса, «қара» базарда оның құнын екі есе арзандатып жібереді. Ал жалпы алтынның бағасын тұрақты деп бағалауға болады.

Егер қолда қомақты қаражат болса, оны жылжымалы мүлікке, тиімді бизнеске салып, табыс көруге болады.