Пәтер бағасын реттеу үшін әр университет студенттеріне жатақхана салуы қажет

Мәселені шешудің тағы бір жолы – ірі оқу орындарын қала сыртына көшіру
Қазақстан риелторлар қауымдастығының мүшесі

Ресейде мобилизация басталғалы бері біздің елде де ажиотаж басталды. Әсіресе Ресеймен шекаралас облыстарда, оның ішінде Орал, Қостанай, Петропавл және Павлодар қаласында пәтерді жалға беру бағасы күрт өсті. Бір аптаның ішінде 15%-дан 34%-ға дейін өсті. Бұл сұраныстың, сырттан келген адамның көп екенін білдіреді. Ел бойынша пәтерді жалға алу бағасы орташа есеппен 14,5%-ға қымбаттады.

Алматы мен Астанада сұраныс 5-6 пайызға ғана өскен. Алайда баға аспандап кетті. Демек, пәтерді жалға берушілер ресейліктердің көп келіп жатыр деген ақпаратты пайдаланып, бағаны асырып отыр.

Пәтер иелері мұның 2-3 апталық өзгеріс екенін ұмытпауы қажет. Тіпті мұндай жағдайда «ұтылып» та қалуы мүмкін. Сондықтан қазір тұрып жатқан адамды пәтерден шығарудың қажеті жоқ. Мысалы, қазір пәтерді 200 мың теңгеге жалдап отыр. Пәтер иесі оны 400 мың теңгеге өткізгісі келсе, жалдап тұратын жаңа адамды табу уақыты мен ортада риелтордың ұстайтын комиссиясын ұмытпау қажет. Соңында жалға алатын адам табылмай қалуы мүмкін. Бұл ажиотажға берілуге болмайды.

Пәтер жалдау ақысы Алматы мен Астанада тамызда көтерілді. Бұл – студенттер шоғырланған қала. Оған ақпаннан бері ресейліктердің келуі де әсер етті. Құрылыс нысаны тапшылығы, университеттердің студенттерді толық жатақханамен қамтамасыз ете алмауы пәтер бағасын көтерді.

Пәтер бағасын реттеу үшін әр университет студенттеріне жатақхана салуы қажет. Екінші бір жолы – ірі оқу орнының ғимаратын Алматының орталығынан қаланың сыртына ауыстыру. Тағы бір жолы – тұрғын үй мен қонақүйді көп салу. Егер осы құрылысты уақытында жүргізбесек, баға жыл сайын көтеріле береді.