Қазір мұнай бағамына қатысты қолайсыз болжамға негіз жоқ

DAMU Capital Management компаниясының бас директоры

Дүниежүзілік нарықта қара алтынның бағы біршама төмендеп келеді.  Бюджетті мұнай бағасына қарай жоспарлайтын Қазақстан үшін бұның әсері қандай болмақ? Бұл күндері отандық KEBCO сұрыпты мұнайымыз  ресейлік Urals-пен бір бағада сатылып жатыр

 Әлемдік нарықтағы мұнайдың бір баррелі бағасы дәл қазір 85 доллар болып тұр. Бұл тек Brent маркалы мұнайдың құны. Жылдың басында АҚШ экономикасында рецессия басталды. Себебі, Қытайдың экономикасы карантин шараларынан толық ашылмау қаупінен мұнайға сұраныс түседі деп болжанды. Сол сеепті қара алтын бағасының әлемдік нарықтағы  құны төмен түсе бастады. Тіпті 80 долларға дейін түсті.   

Алайда, соңғы экономикалық деректер бойынша әлемдегі ең ірі және ең маңызды АҚШ экономикасында рецессия жоқ. Сонымен қатар ол елде экономикалық өсім төмендегенімен, баяу да болса ол бар. Дүниедегі екінші экономикалық алпауыт саналатын Қытайда карантин шаралары толық алып тасталды. Сәйкесінше  экономикасы да  қарқынды өсуде. Осыған орай, мұнай бағалары қайта өсе бастады және ағымдағы жыл ішінде 100 долларлық межеге жетуі әбден мүмкін деген болжам бар.

Ал, қазақстандық мұнайға келсек, біздің KEBCO мұнайы құрамы жағынан ресейлік Urals мұнайымен бірдей. Сондықтан, сұрыптың аты басқа болса да, бағасы бір деңгейде. Бұл күнде ресейлік Urals Батыстың санкциялары мен ресейлік мұнай бағасына әлемдік шектеу енгізілгеннен кейін  52 доллар бағасымен сатылып отыр.  Яғни Brent бағасынан  40 пайызға арзан сатылып жатыр. Біздің бюджет үшін осы бағалар әлі де біршама тиімді.  Дегенмен, бюджетімізге мұнайдың бағасы кем дегенде 60-70 доллар болғанда ыңғайлы болар еді.  Сонымен қатар, доллардың жылдық орташа бағамы 465-470 доллар болса, бюджетке еш ауыртпалық түсе қоймайды деп санаймын.

Жыл енді басталды, сондықтан, қазір мұнай бағасы төмендеп жатса да, осы жыл ішінідегі алдағы айларда өсуі де әбден ықтимал.  Біздің бюджет үшін жылдық орташа баға маңызды. Тіпті, мұнайдың бағасы төмендеп, бюджет тапшылығы орын алса, оны үкімет әрқашан да Ұлттық қордан қосымша трансферт жасап, жабуға мүмкіндігі бар. Сонымен қатар Ұлттық банктің де өзінің қорлары бар, соны қолдана алады.

Мұнай бағалары созылмалы түрде төмен деңгейде тұрақтап қалса, бұл елімізге келетін валюта көлемінің азаюына әкеп соғады. Нақтырақ айтар болсам,  мұнайдың бағасы қатты төмен түсіп кетсе, біздегі қара алтын АҚШ валютасымен сатылатындықтан, еліміздің экономикасына келіп жатқан доллар көлемі сәкесінше азаяды. Сұраныс пен ұсыныс экономикалық заңдарына сәйкес, доллардың ұсынысы азайса, онда оның бағасы (яғни, бағамы) өседі. Ал мемлекеттік бюджеттің шығындары теңгемен белгіленген болғандықтан, сол шығындарды қаржыландыру үшін қажет доллар саны азаяды (себебі, доллар бағамы өскендіктен, шығындарды қамтамасыз ету үшін азырақ доллар қажет). Демек, осы жағдайда да бюджетке көп нұқсан келмейді, тек доллар бағасы өседі. Ал оның зардабы бизнес пен халықтың мойнына ауыртпалық болады. Себебі Қазақстан көп нәрсені өзі өндірмей, шетелден алып келеді, ол шетелдік импорттың бағасы доллармен есептеледі. Нәтижесінде, импорттық тауарлардың барлығы дерлік қымбаттайды, инфляция өседі, ал халықтың табысы теңгемен болғандықтан, өмір сүру жағдайы төмендей бастайды.  

  Қазіргі кезде мұнайға қатысты  қолайсыз болжамға негіз жоқ. Сонда да еліміздің экономикасын әртараптандырып, мұнайға деген тәуелділіктен барынша арылу қажет деп санаймын.  Дербес және тәуелсіз экономикалық және сауда саясатын жүргізуіміз  керек. Ол үшін Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтан шығуы тиіс, және де еліміздегі бизнестің дамуын тежемеу үшін қарқынды саяси реформаларды жүргізу қажет. 

Экономиканы барынша әртараптандырып, мұнай экспортының басқа бағыттарын кеңейтіп, дамытып, халық санын арттырып, қарулы күштерді күшейтіп, басқа әлемнің геосаяси орталықтарымен дипломатиялық қарым-қатынасты дамытуымыз керек.