Қор нарығынан 2 млрд доллар сатып алу теңге курсына әсер етпейді

Ұлттық банк кері интервенция жүргізбеген
экономист

Ұлттық банк биыл зейнетақы активтеріндегі валюталық үлес төмендейтінін ескере отырып, шамамен 2 миллиард доллар шетел валютасын кезең-кезеңімен сатып алуды жоспарлап отыр. Аталмыш  қадам БЖЗҚ портфеліндегі валюталық үлесті 30% деңгейінде ұстап тұру үшін қажет. Бұл биыл шетел валютасына сұранысты арттырудың қосымша факторы болмақ.

Ұлттық банк міндетінің қатарына инфляциямен күрес, экономикалық және қаржылық тұрақтылықты сақтау және теңге курсын тұрақтандыру да жатады.  

Ұлттық банк қарамағында «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ да бар. Ұлттық банктің 2023 жыл ішінде 2 млрд $ сатып алу туралы шешімі теңгені тұрақтандыруға емес, «БЖЗҚ» жинағының 1/3 бөлігін шетел валютасында сақтайтын ережесі себепші болып тұр деп ойлаймын.  

БЖЗҚ жыл сайынғы инвестициялық портфелінің 2/3 бөлігін ұлттық валютада, 1/3 бөлігін шет ел валютасында ұстайтын. Ал қазір ұлттық валютадағы портфель көрсеткіші 72-74% құрап отыр. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 80%-ға жетуі мүмкін. Сол себепті Ұлттық банк шет ел валютасы үлесін қажетті деңгейде ұстау мақсатында 2 млрд $ қор нарығынан (KASE) сатып алмақшы.

«Бұл жақсы ма, әлде жаман ба?» деген сауалға келер болсақ,  2022 жылы халық тарапынан 4.01 млрд $ сатып алынды, жалпы қор нарығындағы сауда көлемі 30 млрд $ жуықтады. Сол себепті, Ұлттық банктің қор нарығынан 2 млрд $ алуы теңге курсына әсер етпейді. Әсер еткен күннің өзінде теңгеге доллар сатып алу – теңгеге сұранысты азайтып, долларға сұранысты көбейтетіндіктен, теңге әлсіреуі керек. Ал Ұлттық банк кері интервенция жүргізбеген. Ол теңге курсын тұрақтандыру үшін әрқашан долларға теңге сатып алатын. Қазір керісінше болып отыр.

2014-2015 жылы Қазақстан 27-28 млрд $ резервін теңге курсын тұрақтандыруға жібергені есімізде. Сол себепті 2023 жылы жыл соңына дейін 2 млрд $ сатып алып жатқаны – нарық пен курсқа әсер етпеуі қажет.

«Теңге курсын тұрақтандыру үшін валюталық операциялар арқылы интервенция жасамай, өндірісті және т.б. дамыту қажет емес пе» деген сұрақ – Ұлттық банкке қойылатын сұрақ емес. Онымен үкімет айналысуы қажет.