Телевизия бизнесіндегі тренд: нарыққа қазақ тіліндегі контент толқыны келе жатыр

"Жетінші арнаның" бас директоры

«Телевизия интернет қарқынына төтеп бере алмай, өледі» деген әңгіме осыдан 10 жыл бұрын шыққан. Бұл пікірді қолдайтындардың негізгі аргументі мынандай: қазіргі жас аудитория онлайн форматты ұнатады, продакшндар онлайнға бет бұрып, құйылатын қаржы да сол жаққа кетпек.

Алайда кейінгі жылдары ірілі-ұсақты (Қазақстан) нарықтарда ТВ өркендеп келе жатқаны байқалады. Интернет-кинотеатр мен стриминг немесе YouTube контент өндірушілері тарапынан болсын, заманауи электронды формат бәсекесінің артуына қарамастан, нарық өсу фазасында тұр.

Алдымен қаржы туралы айтып өтсек. Орталық Азия жарнама қауымдастығы сарапшыларының мәліметі бойынша, 2023 жылдың бірінші тоқсанында қазақстандық телевизиядағы жарнама көлемі жылдық есепте 2 пайызға өсіп, 5,9 миллиард теңгеге жеткен. Саладағы оң үрдісті біздің деректер де растайды: «Жетінші арнада» да жарнама сататын сейлз-хауз IMS нарықтың өсу қарқыны осы мәнге сәйкес келетінін байқатады. Жалпы жарнама айналымының шамамен 60%-ы сатылатын IV тоқсанда динамика дәстүрлі түрде жоғары болады деп күтеміз. Салыстырар болсақ, Орталық Азия жарнама қауымдастығының бағалауы бойынша, 2022 жылы телевизияға 35,2 миллиард теңге жарнама түскен, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 5 пайызға артық.

Былтыр көктемде телеарналарда жарнамаланған тауарларды жеткізуге байланысты туындаған мәселелер биыл толық шешілді. Көптеген компаниялар жеткізу тізбегін реттеп алып, жарнама нарығына жақсы бюджетпен оралды. Автобизнестен басқа салалардағы клиенттеріміздің бәрінде іскерлік белсенділіктің артқанын байқап отырмыз.

Нарыққа жаңа ойыншылардың келуі де көңілге сенім ұялатады. Ең алдымен бұл – букмекерлер. Олар алдымен сыртқы жарнаманы жаулап, енді телевизия саласына келді. Қазіргі трендтерді қалт жібермейтін командалар букмекерлермен интеграция жасай отырып, түрлі жоба дайындап жатыр.

Қазақстан жарнама нарығында бұрыннан келе жатқан клиенттер жаңа форматта – брендтелген контентпен жарқырайтын болады. Мәселен, «Жетінші арна» «Разговор со вкусом» деген жаңа аспаздық шоу ашты. Бұл жобадағы негізгі серіктесіміз – Coca-Cola. Бұл жобаны Coca-Cola-дан бөлек, басқа да жарнама берушілермен бірлесе дамытпақпыз. Бұл тікелей жарнамамен салыстырғанда күрделі өнім. Дегенмен оның болашағына сенеміз, өйткені дәл қазір нарық осындай форматтарға дайын. Бірнеше жыл бұрын мұндай жобаны жүзеге асыру мүмкін емес еді.

Десе де, тікелей жарнаманы да есептен сызып тастауға әлі ерте. «Жетінші арнада» қазақ тіліндегі жарнамаға сұраныс артқанын байқаймыз. Бұл сұранысты сол жас, өскелең аудитория – скептиктер айтып жүрген «теледидар көрмейтін» буын туғызып отыр.

Осы жерде жарнамадан сұраныстың ерекшелігіне қарай ойыссақ. Біздің аудитория Голливуд фильмдерін, РФ мен Украина сериалдарын орыс тілінде көрсе, ал түрік-корей, қазақстандық сериалдарды қазақ тілінде тамашалайды. Қазіргі кезде қазақ тілінде көптеген сериал мен бағдарламалар түсіріліп жатыр, осыған дейін форматы біздің нарыққа келмейтіндей көрінген жобалар да қолға алынған. Қазақ тіліндегі «Қыздар-ай», «Battle сөз», «Жұлдызды шаңырақта» телебағдарламаларына деген қызығушылық артып келе жатқанын байқаймыз.

Телевидение саласына мемлекет те жақсы қолдау көрсетуде: мемлекет бөлген қаржыға «Жетінші арна» жыл басында қазақша екі сериал түсірсе, тағы екеуін түсіруге дайындалып жатыр. Мұндай қолдау саладағы контент өндірісі деңгейін көтеруге ықпал етеді.

Алдағы уақытта қазақ тіліндегі продакшн қарқынды түрде дамитын болады. Өйткені оған деген сұраныс өте жоғары. Қазақ тіліндегі контент саны мен сапасы артқан сайын, шетелдік бағдарламалар мен сериалдарды ығыстыратын болады. Бұл – ТВ нарықтың ірі ойыншылары көздеп отырған нарық. Ондағы бәсеке одан әрі қыза түседі. Сондықтан, «ТВ-формат өледі» деуге әлі ерте.