Тағы бір қазақстандық банктің акционері ауысты

Жарияланды
PPF топ-менеджменті Хоум Кредит акцияларының 75%-ын сатып алды

Банк акциялар пакетінің 75%-ын Иржи Шмейц бастаған PPF халықаралық инвестициялық-қаржы корпорациясының топ-менеджменті сатып алды. Бұл туралы қаржы ұйымы таратқан хабарламада айтылған.

Сонымен қатар, Ресейдегі «Хоум Кредит энд Финанс Банк» ЖШҚ үлесі 25%-ға дейін кеміді. Қазақстандағы Банк Хоум Кредиттің акционерлері құрамында Ресей банкінің қатысуын азайту жүріп жатыр.

Иржи Шмейц – кәсіпкер, ол Чехияның Forbes тізімінде 13-орынға жайғасты, 2022 жылдың 15 маусымынан бастап Home Credit тобын иеленетін PPF халықаралық инвестициялық-қаржы холдингінің СЕО қызметіне кіріседі.

Бұған дейін PPF холдингі мен Home Credit тобы өздерінің ресейлік банктік активтері мен еншілес компанияларын сатқаны белгілі болған еді.

Ұлттық банк дерегі бойынша, қазақстандық Хоум Кредит банкі 22 ЕДБ арасында 503,5 млрд теңге актив көрсеткішімен 14-орында тұр. Несие портфелі 400 миллиард теңгеден сәл ғана асады. Жеке тұлғалардың банктегі қаражат көлемі 160 миллиард теңгеден, заңды тұлғалардың қаражаты 16,2 миллиард теңгеден асады. «Банк Хоум Кредит» АҚ ЕБ Қазақстандағы жұмысын 2005 жылы бастаған. 2008 жылы Иржи Шмейц «Алма-Ата халықаралық банкі» АҚ акцияларының 90,01%, ал Home Credit B.V (PPF Group N.V. еншілес ұйымы) банктің қалған 9,99% акциясын сатып алды. 2013 жылы Ресейдің Хоум Кредит және Қаржы Банкі қазақстандық қаржы институтының жалғыз акционері атанды.

Сондай-ақ оқыңыз