Jusan Bank бір жыл бойы ақша түспеген есепшоттарды жабады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
 Jusan Bank
Jusan Bank ақша түспеген есепшоттарды жабады/ Фото: Асқар Ахметуллин

Jusan Bank жеке тұлғалардың бір жыл бойы қаражат түспеген және қаржы операциялары жүргізілмеген есеп шоттарын жабу туралы шешім қабылдады.

1 наурыз 2025 жылдан бастап қаржы ұйымы пайдаланылмайтын шоттарды жабуға кірісті. Бұл шара 2019 жылдың 29 сәуірінен бері Jusan Bank-те және 2014 жылдың сәуірінен бері бұрынғы АТФБанк жүйесінде ашылған есепшоттарға қатысты. Сонымен қатар карта шоттары да осы тізімге енеді.

Тек мемлекеттік бюджеттен немесе әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерге арналған шоттар өзгеріссіз қалады. Банк бұл қадамды шоттарды қызмет көрсетуге кететін шығындарды қысқарту және ішкі процестерді оңтайландыру үшін жасап отыр.

«Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес (Қазақстан Республикасының «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңының 29-бабы, 1-тармағы), банк егер клиенттің шотында бір жылдан астам уақыт бойы қаражат болмаса және ешқандай операция орындалмаса, шотты жабуға құқылы», – делінген банк мәлімдемесінде.

Ұлттық Банк дерегі бойынша, банк активтері 3 трлн теңгені құрайды. 21 ЕДБ арасында актив көлемі бойынша 5-орында тұр. Jusan қаңтар айында 13,9 млрд теңге таза табыс тапты.

2025 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша, банк акцияларының 97,5%-ы кәсіпкер Ғалымжан Есеновке тиесілі. Оның 19,67%-ы тікелей өз меншігінде, ал 77,86%-ы First Heartland Securities арқылы иеленген.

Миллиардар Вячеслав Ким Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Jusan Bank акцияларының 97,5%-ын сатып алуға өтініш берген.

Сондай-ақ оқыңыз